АТШАБАРДЫ КӨШІРУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Ескіден жаңаға көшетін кез келді. Жаңару — жаңа заман талабы. Меңзеп тұрғанымыз – Шымкенттің атшабары. Ел арасында бұл жайында нанымды-нанымсыз талай әңгіме өріп жүр. Кім не десе де, «аттың жайын жеккен біледі». Спорт саңлақтарының «миллионды шаһарға заманауи ипподром» қажет деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргелі қашан? Ескіні жамап, есі кеткен ипподром басшыларының да ойы осыған түйіседі.

Бұл атшабар Асанбай Асқаровтың бастамасымен осыдан 40 жыл бұрын еңсе тіктеген-ді. Көне көздердің айтуынша ипподром өз дәуіріндегі жаңа құрылыстың алды болған. Заман өзгерді. Заманмен бірге талғам да жоғарылады. Аттың жайын атшабарға талай жыл басшылық жасаған Ғани Ахметбаевтан артық кім білген? Ұлтттық ат спортының жанашыры бұл жаңашылдықты қос қолдап қолдайды.

Ғани Ахметбаев — Шымкент қалалық мәслихатының депутаты

Атшабардың қазіргі ахуалы тым мүшкіл. Мұнда ат түгіл адамның өзі емін-еркін тыныстауы мұң. Көрермен тұрмақ тұлпарлардың еркін көсіліп шабуына тарлық етеді. Орындықтары сынып бүлінген. Қысқасы ескіріп, тозығы жеткен. «Нысан ойпатта орналасқандықтан, оттегінің алмасуы қиын» дейді білетіндер. Ал, ат құлағында ойнайтын спортшылардың айтуынша, бір кездері бәйгеге қосқан тұлпарлар талай мәрте опат болыпты. 

Сырым Ізбасаров – аударыспақтан аға жаттықтырушы

Байырғы шабандоздардың айтуынша 40 жыл бұрын салынған нысан сол уақытта тұрғын үйлерден алшақ орналасқан болатын. Қазір қала аумағы ұлғайып мұнда түрлі мәдени орындар бой көтерді. Талапқа сәйкес атшабардың ұзындығы 2 400, ені 16 метрді құрауы қажет. Ал, қазіргі нысан 800 метрге қысқа екен. Оған қоса көлік қозғалысы мен қаланың ығы-жығы тірлігі  жаңадан үйретілетін аттарға көп кедергісін келтіретін көрінеді.

Шалатай Мырзахметов – қоғам қайраткері

Ипподромды  қала сыртына көшіру туралы бұған дейін де айтылып келді. Заманауи нысан үшін қажетті жер телімі де бөлінді. Аумағы 24 гектар жер Бозарықта орналасқан. Қазір нысанның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Ең бастысы атшабарды Отандық инвестор қаржыландырады.

Айдын Жәкежанов – «BI Group» компа­ния­сының Шымкенттегі өкілі

Жаңа нысан тек бір ғана ат шабатын алаңмен тоқтап қалмайды. Онда жаттығатын орындар, ветеринарлық қызмет көрсететін комплекс, қоймалар секілді күнделікті қажетті көптеген қосымша құрылыстар бой көтермекші. Ал, ескінің орны әлбетте, жаңа тұрғын-үй кешендерімен толығады. Бұл жоба өз кезегінде халықтың баспанаға деген сұранысын қамтыса, екінші жағынан осы арқылы көптеген жұмыс орындары ашылады.

Айдын Жәкежанов – «BI Group» компа­ния­сының Шымкенттегі өкілі

Бұған дейін тұрғындар мен сайысқа қатысушылар шаң жұтып, ашық аспан астында отыратын. Енді ол жабық кешен болады. Алып жоба арқылы «Тұлпар» көлінің маңын абаттандыру жұмысы да осы компанияның есебінен жүргізілетіндігі көңілге қуаныш ұялатады. Ел пайымы осыған сайып тұр. Енді оның жүзеге асырылуы уақытты еншісінде.

Г. Қалмырзақызы