Бүгін мемлекеттік кірістер, ішкі мемлекеттік аудит, қаржы мониторингі, қазынашылық және мемлекеттік мүлік органдарындағы жемқорлықтың алдын-алу бойынша кеңес өтті.
Кеңес барысында қылмыстық-құқықтық статистика бөлігіндегі алаңдатарлық үрдістерді көрсететін жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингтің, сондай-ақ кедендік әкімшілендіру және ішкі мемлекеттік аудит саласындағы сыртқы талдаулардың нәтижелері талқыланды.
Тәуекелдердің негізгі кешені кең дискрециялық өкілеттіктермен, жұмыс үдерістерін автоматтандырудың жеткіліксіздігімен және бизнес-процестердің негізгі кезеңдеріндегі адами фактормен байланысты.
«Қаржы саласы ерекше ашықтықты, айқындылықты және қолжетімділікті талап етеді. Жемқорлық дәл осы қағидаттардан сескенеді. Жаңа көзқарастағы басшылар азаматтармен сындарлы диалог жүргізе білуімен және жағдайды жақсы қырына өзгерту ниетімен ерекшеленеді. Жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға болмашы мүмкіндік бермеу үшін цифрлық шешімдер мен құралдар енгізуді жеделдету қажет» — деді агенттік басшысы.
Қаржы ведомствосының басшысы электрондық мемлекеттік қызмет көрсету деңгейін 92%-ға жеткізуге ниетті екенін білдірді.
Қатысушылар Агенттіктің «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп іске асырып жатқан қазыналық төлемдерді заңсыз қоса есептеумен, әкімшілік кедергілер мен кідірістерге байланысты мәселелерді құқықтық алаңда шешуге бағытталған бизнес пен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жөніндегі жобаны (12,5 трлн теңге көлеміндегі инвестициялары бар 550-ден астам компания) талқылады.
Қаржы министрлігі азаматтық қоғамның белсенді өкілдері қатарынан басшы тағайындай отырып, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмысының тиімділігін күшейтеді. «Көлеңкелі экономиканы төмендету, бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасы», сондай-ақ «Қаржы мониторингі органдарындағы жемқорлыққа қарсы 10 қадам» сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы іске асырудың жаңа кезеңіне көшті.
«Ашық бюджет» жобасының жетекшісі Рахым Ошақбаев азаматтардың қаржылық сауаттылығы туралы айта келе, бірлескен тиісті оқыту іс-шараларын өткізу қажеттігін атап өтті.