6 АЙЛЫҚ БОЛЫП ТУЫЛҒАН СӘБИДІ АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

Шымкент қаласы перинаталдық орталықтың дәрігерлері 6 айлық болып туған қыз баланы аман алып қалды. Мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбидің салмағы 800 грамм ғана болған. Нәрестенің жағдайы ауыр болғандықтан, бір айға жуық жансақтау бөліміндегі аппаратта жатып, жасанды жолмен тыныс алды. Бұған қоса қан құйылып, қарқынды терапия емі жасалған.

Содан бері перинаталдық орталықтың мамандары үш айға жуық ем-дом жасап, медициналық көмек көрсетуде. 12 тамыз күні дүние есігін ашқан нәрестенің салмағы бүгінде 1 жарым килограмм болған. Сәби мен анасы жақын күндері перзентханадан үйлеріне шығады. Ал қазір қалалық перинаталдық орталықтың екінші кезең бөліміндегі мамандардың бақылауында.  

— Туған кездегі жағдайы өте ауыр болды. Тыныс жетіспеушілігіне байланысты реанимация бөліміндегі аппаратқа қосылды. Және оған бірнеше рет қан құйылды. Емдеу барысында жағдайы жақсаруына байланысты екінші кезеңдегі нәрестелер бөліміне ауыстырылды. Қазіргі таңда жағдайы жақсы, салмақ қосуда, — дейді бөлім меңгерушісі Миродил  Миркурбанов.