Өсім цифрмен емес, нәтижелі жұмыспен өлшенеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына өзінің кезекті Жолдауын жариялады. Биылғы Жолдау негізінен әлеуметтік-экономикалық дамуға арналып отыр.

Жалпы, жаңа экономикалық бағытқа ойысу – бүгінгі күннің басты талабы. Өйткені әлемдік экономикада жандану процесі басталды. COVID-19 вирусының өршуі жаһандық соғысқа пара-пар болып тұр. Ол бүкіл әлемді сансыратқан жаһандық дағдарысқа айналды.

Индустриалды қоғамның дүниежүзілік либералды тәртібінің ескі бірполярлы әлемі аяқталып, ақпараттық қоғамның жаңа әлемдік тәртібіне көшу жүріп жатыр. Алдымыздағы міндет – осы оқиғадан адами капитал мен экономикалық тұрғыдан шағын шығынмен шығу. Демек, коронавирустан кейінгі кезеңде күшті президенттік жүйеге ие әлеуметтік бағдарланған мемлекеттік құрылым әлемдік деңгейдегі жаңа геосаяси тенденцияға айналады. Әлемдегі жаңа жағдайдың әсерінен мемлекеттік жоспарлау жүйесі де біршама өзгеруі керек. Дағдарысқа қарсы шараларды еңсеру үшін пандемиядан кейінгі кезеңде ынталандыратын шаралардың тиянақты тәртібі әзірленуі тиіс.

Экономикалық өсімді қазір цифрлық көрсеткіштермен емес, дамудың алты бағытын (инновация, тұтыну, инвестиция, несиелеу, кедейлікті жою, ашықтық) тұрақтандыру бойынша жұмыс нәтижелерімен өлшеу керек. Экономикалық жағдай ертең қандай болатынын ешкім білмейді. Сондықтан, қазіргі экономикалық болжамдардағы белгісіздік деңгейін ескере отырып, ұлттық экономиканың сыртқы қақтығыстарға, сынақтар мен әлемдік сауданың қауіптеріне тәуелділігін шектейтін, даму ырғағына іліне алмай тұрған салаларды анықтайтын және ресурстарды оңтайландыратын сенімді ішкі нарық құру қажет.

Қазір жаһандық экономика бұрын-соңды болып көрмеген саяси қысымдарға ұшырап отыр. Мемлекет барған сайын маңызды ойыншыға айналуда. Оған кәсіпорындардан бастап жеке адамдарға дейін бәрі көмекке жүгінуде. Қазіргі дағдарыс жағдайында қазақстандықтар Үкіметтің жаһандық құбылыстарға берген тойтарысы мен оның тиімділігін үнемі салыстырып отырады. Карантин тұрғындар өміріндегі мемлекеттің рөлін көтеріп тастады. Өйткені азаматтардың мемлекетке деген тәуелділігі күрт өсті. Кейбір жағдайларда мемлекет құтқарудың жалғыз көзіне айналды.

Сондықтан, бұл Жолдау – стратегиялық маңызды құжат. Жолдауды тиімді жүзеге асыру көптеген мемлекеттік институттың тағдырын шешеді.

Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларды толық және уақытында іске асыру үшін қажет ресурс пен құралдар жеткілікті. Енді тек міндеттерді абыроймен орындап, ел болашағы жолында жұмыла еңбек етуіміз керек.

Қуатбек ҚАЛЫҚҰЛОВ,
Шымкент университеті Бизнес кафедрасының
меңгерушісі

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті