Facebook, Twitter, Bkонтакте, Whatsapp сияқты әлеуметтік желілерді пайдаланатын тұтынушылар бүгінде өте көп. Әсіресе, жастар арасында бұл көрсеткіш 100 пайызға жуық. Жастардың санасына үлгілі тәрбие дағдыларын қалыптастыруға ата-аналар мен педагогтар көп күш жұмсайды. Дәл сол тәрбие үрдісі жүріп жатқан шақта жастарды қандай мәселе мазалап жүргенін немесе оған қызықты не нәрсе екенін білу қиын. Оны сұрағанның өзінде оқушы не студент ашық айта бермейді. Өйткені, оның қолындағы смартфондағы ақпараттар дәл сол кезде оның миына шабуыл жасап жатады. Олар ол ақпараттарды сабақта немесе үйде үнемі талқыға сала бермейді.. Ғаламтордағы әртүрлі әлеуметтік желілер тек игілікті іске қолданылмаса үлкен келеңсіздіктерге әкелетіні анық.
Сондықтан да, оның алдын алу үшін халықтың діни сауатын арттыру негізгі мәселе екендігін қаперімізде ұстағанымыз жөн.
Діни психологиялық көмек беру, деструктивті діни ағымдардың таралуының алдын алу шаралары бойынша Шымкент қаласы дін істері басқарамасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» коммуналды мемлекеттік мекемесі өз құзіреттілігі шеңберінде қолданыстағы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның және діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында 2020 жыл Haqjoly.kz діни ақпараттық порталы мен «Дін шымкент» (Din.shymkent) сайттарында және Фейсбук Инстаграм әлеуметтік желілерінде «Зайырлы мемлекет», «Дін және жастар», «Дін және қоғам», «Теріс діни ағымдар», «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу», «Дәстүрлі дін тағылымы», «Құқықтық таным» бағытындағы мақалалар мен діни сергек болу мақсатында 400 ге жуық материалдар жарияланды.
Діни экстремизм мен радикализмге қарсы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын, интернет-ресурстарды талдау арқылы күмәнді діни идеяларды таратумен айналысатын сайттар мен парақшаларды анықтау және оларды бұғаттауға ұсыныс беру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Елімізде діни немесе ұлтаралық алауыздық отын қоздырып жіберетін лаңкестік әрекетті болдырмау, шиеленісті жағдайды анықтауға бағытталған сараптау-талдау, ғылыми-ағартушылық зерттеу орталығының жұмысы тиімділігін көрсетті. Өйткені, қазіргі таңда лаңкестікті әлеуметтік ортадан, айналадан аулақ оңаша әлем деп қарау қателік. Оны елдегі саяси, әлеуметтік, рухани-психологиялық ахуалдан бөліп қарауға болмайды. Себебі, деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп қалғандығын көп жастар алғашында байқай бермейді.
Оларға «көңіл аударуының» себептері төмендегідей екендігін сараптау арқылы көз жеткіздік:
1.Ақпараттық кеңістікте сараланбаған ақпараттың көптігінен туындайтын салғыттық;
2. Көңілі ауған ақпараттан тура шешім шығаруға жетпейтін білімсіздік;
3.Әлеуметтік қиын мәселелердің жиынтығынан құтылу үшін әртүрлі жолдарды қарастыру, соның ішінде конфессиялардан рухани психологиялық көмек іздеу;
4. Креативті ойлауға қабілетсіздік.
Деструктивті ағымдардың өкілдері өз тыңдаушыларын өзге адамдармен ақпарат алмасуы, ой бөлісуі секілді адами іс-әрекеттерге тыйым салады.
Иман, намаз, ораза, зекет, қажылық секілді парыз амалдар туралы ақпаратты әлеуметтік желіден алудың қажеті шамалы. Өйткені, күмәнді сайттар мен олардың уағызшылары теріс бағытқа бұрып жіберуі мүмкін. Біздің қоғамға аса қауіпті уағыз бұл лаң салу. Лаңкестік әлеуметтік-саяси құбылыс. Лаң салудың жеке, топ, локальды, жаппай деген түрлері бар, олар бүгінде белсенді әрекет етіп жатыр. Діни өшпенділікті уағыздайтын сайттар, уағызшылары мен олардың әдебиеттері анықталып, лезде жоюға әрекет етіп жатырмыз.
Шымкент қаласында және өңірде осы мәселелерге қатысты бірнеше келеңсіз фактілер орын алды. Және олардың алды алынып, қоғамға дұрыс ақпарат таратылды. Сонда анықтағанымыз, жастарға әсер еткен әлеуметтік желілердегі діни ақпараттар екен. Олар алған ақпаратпен өзі өмір сүріп отырған қоғамдағыдіни ахуалды бағамдай алмауы және дұрыс талдау жасай алмауы жәйттері кездесті. Өйткені, олар дұрыс дереккөздерді білмегендігінен біржақты діни көзқарасқа бет бұра бастайды. Сондықтан да дұрыс емес әлеуметтік желіні қолданушылар оның пайдасынан гөрі зиянына көбірек тап болуы мүмкін. Әрине, әлеуметтік желіні мүлдем қолданбау керек деуге болмайды, тек уақытылы, шектеулі, өз орнымен, дұрыс ақпараттармен қолданған абзал.
Қазіргі таңда елімізде дін саласындағы отандық ғалымдар мен сарап-шылар тіпті, мемлекеттік қызметкерлер де өз жұмыстары барысында жеткілікті деңгейде ғаламтор арқылы әлеуметтік желілілердің барлық түрлерін еркін қолдана отырып, дін мәселесіне қатысты ақпараттарды таратуда. Әсіресе күнделікті жаңалықтар мен жасалынған игілікті істер, қажетті материалдар жариялануда. Алайда, дәстүрлі емес діни ағымдар да желілерді өз пайдаларына қолданып жатқандығын естен шығармауымыз керек. Бүгінгідей алмағайып заманда экстремистік және террористік ұйымдардың халыққа ақпарат арқылы әсер етуді кеңінен қолдануы олардың қызметінің ажырамас бөлігіне айналды десекте болады.
Қорытындылай келе айтарымыз, ақпараттық тұрғыдан ашық қоғамда елімізде қалыптасқан рухани құндылықтарымызды сақтап қалу, оны бүлдірмеу, бүлік салдырмау басты мақсатымыз. Жат ағымдарға тосқауыл қоюда қоғамдағы дін мәселелерін зерттеп, сараптама жасаудың маңызы зор. Деструктивті ұйымдарға қарсы күрестің бірден бір жолы – діни сергектік, діни сауаттылық.
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Икрам Айтаев