ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАҒА МҮШЕ СПОРТШЫЛАРДЫҢ ЖАТТЫҒУЛАРЫ БАСТАЛДЫ

Еліміздің намысын қорғайтын ұлттық құрамаға мүше спортшылардың жаттығулары бастау алды. Арнайы шараларды қатаң сақтай отырып жүргізіліп жатқан жұмыстар ұдайы бақылауға алынған. Алдағы әлемдік жарыстарда алар асуы биік болады делінген Таеквонда спортына Нұрсұлтан Жұманов таеквондо федерациясының президенті болып сайланды.

Ел басына төнген қауіпті індеттің  алдын-алу шараларын сақтай отырып спортшылар дайындық жұмыстарына кірісе бастады. Шымкент қаласындағы дамушы спорт түрі, ел кубогының жеңімпазы болған таеквондодан құрама мүшелері анықталып, ел чемпионаты мен халықаралық жарыстарға спортшылар іріктелуде. Таеквондоны әлемдік деңгейде дамыту үшін, Шымкент қаласы бойынша қауымдастық құрылып оның жаңа президенті сайланды.

Осыған орай өткен жиында республикалық таеквондо федерациясының вице-президенті Шадияр Қондыбаев қауымдастықтың атқаратын жұмыстарына тоқталып, қалалық федерацияның президенттігіне, белгілі кәсіпкер, таеквондо шебері Нұрсұлтан Рашидұлы Жұмановты ұсынды. Спортшылармен бапкерлердің қолдауына ие болған жаңа құраманы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олег Почивалов құттықтап, таеквонда құрамасының алдындағы басты міндеттерге тоқталды.

Басты мақсат келер жылы өтеді деп белгіленген Токио олимпиадасында лайықты тұрғыда өнер көрсетіп ел намысын абыройлы қорғау. Сонымен қатар жарыс кезіндегі тәртіп пен регламенттердің қатаң сақталуын бақылап, тәртіпке бағынудың қағидаттарын түсіндірді.

Осыдан біраз жыл бұрын, команда мүшелері төрешілердің әділетсіздігіне наразылығын білдіріп, жарыс үстінде өз ойларын айтып, дау дамайға  ерік беріп, шектен шығып кеткен болатын. Сол үшін құрама жарыстан шеттетіліп екі жылдай қатыса алмай жүрді. Өз кезегінде Шымкент авто базарының басшысы, таеквондо федерациясының президенті  Нұрсұлтан Рашидұлы спортшыларға барлық жағынан қолдау болатынын жеткізді. Бірлесе отырып барлық мәселелерді оңынан шешуге атсалысатынын жеткізді.

Қала құрамасының бас бапкері Давран Ризаев олимпиадаға қатысады деп үміт артып отырған Дүйсебай Смайылдың дайындығын атап өтті. Бапкерлердің бірлігі  бар жерде, команданың жетістігіде биіктен болатыны белгілі. Осы жолда жаңа мүмкіндіктерді бағындырар спортшыларға сәттілік тіледік.

Н. Мұхамеджан