ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Шымкент қаласындағы Наурыз алаңында ұлттық өнерімізді ұлықтау үшін «Шеберлер ауылы» атты көрме ұйымдастырылды. Тарихи шара мәдени астананың мәртебесін биіктетті. Онда көздің жауын алатын қолөнер туындылары қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Көрмеге қойылған құндылықтар 2200 жылдық тарихы бар Шым шаһардан Тәжікстанның Душанбе қаласына жол тартатын «Уақыт керуенінің» қоржынына салынды. Ұлы Жібек жолындағы сауда қатары іспеттес жасалған шара көптің көңілінен шықты.

Перизат Ортай – тілші

Мына бір көрініс бейне бір бізді сан ғасырлық өткенге оралтқандай. Ұлы Жібек жолы Қытайдан бастау алып, қиыр шығыс пен Еуропа елдеріне беттеген керуен. Бұл жолдың басым бөлігі Азия мен қазақстан жерінен өтсе, оның ішінде 2200 жылдық тарихы бар көне қала Шымкенттің алар орны ерекше. Керуен тек сауда-саттық қатынасты дамытып қана қоймай, шығыс пен батыстың өркениетін тоғыстырып,  мәдениет пен дипломатиялық қарым-қатынастың артуына сеп болды.

Заманауи нақышта өрнектелген  қазақи киімдер, ағаштан қашап жасалынған тұрмыстық бұйымдар мен  тарихи жәдігерлер.   Көрмеде осы сынды көздің жауын алатын туынды көп. Ал, ұлттық аспапта ойнағандар, қазақ музыка өнерінің тарихы тереңде жатқанын көрсетіп тұрғандай…

Сұлтан Сраилов – Шымкент қаласы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры

 «Шымкент — ТМД елдерінің мәдени астанасы» шарасының жабылу салтанатына орай ұымдастырылған көрмеге өз туындыларын ала келгендердің бірі Әшірбек Желдібаев. Ол күмістен түрлі әшекей жасаумен айналысады. Шебер, әрбір бұйымды жасауға қажырлы еңбек пен көп уақыт керектігін айтады.

Әшірбек Желдібаев – шебер

Мәдени шараны көзбен көруге асыққан тұрғындар қатарының көбін байқадық. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын жобалар алдағы уақытта да көптеп ұйымдастырылса екен, — деп тарқасты олар.

Перизат Ортай