ҚҰТҚАРУШЫЛАРДЫҢ қолғанаты – бебеу

Шымкенттік өрт сөндіруші мультфильм шығаруда. Осы жаңалықты естіген кезде елең ете қалғанымыз рас. Өнер адамы емес, мүлде басқа саланың өкілі шығармашылықпен айналысқанын қызық көріп, өрт сөндірушімен жолықтық.

Бірден айта кетейік, жерлесіміздің туындысының елімізде баламасы жоқ деуге болады. Алдымен бүлдіршіндерге арналып туған идея уақыт өте келе ауқымы кеңейіп, өзекті жобаға айналып келеді. Сонымен, идея қалай туындаған?..

– Төтенше жағдай саласында 2010 жылдан бері еңбек етіп келемін. Сол жылы Көкшетау техникалық институтын аяқтап, Шымкент қаласының төтенше жағдай басқармасына инженер лауазымына жұмысқа тұрдым. 10 жылдың ішінде инженер, аға инженер, бас маман болып істеп, 2018 жылы, Шымкент мегаполис атанғалы бері Қаратау аудандық төтенше жағдай бөлімін басқарамын. Осы жылдардың ішінде өрт сөндірушілік, жалпы, құтқарушылық қызметтің барлық қызық-шыжығын көрдім десем болады. Қызмет ете жүріп, өзіміздің әріптестердің еңбегін көпшілікке көрсеткім келді әрі балаларға да қызықты болуын қаладым, — дейді Еркебұлан Тасқараев.
Мектеп қабырғасынан белсенді болып, қоғамдық өмірге араласып жүрген жігіт еңбек жолында да тікелей қызметінен бөлек шығармашылық жұмыстарды атқаруға үлес қосады. Төтенше жағдай қызметкерлерінің арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мен тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын өзгеше етіп өткізіп, түрлі жобаларды жүзеге асырған. Сол жобаларының ең бастысы – Қазақстан бойынша алғашқы «Бебеу» комикс кітабы.
– Бұл идея маған 2015 жылы келді. Бір күні мені жақсы танитын жақыным әңгіме барысында «Құтқарушылардың жұмысын көрсететін қызықты кітапша немесе көрнекі құрал шығарсаң, қалай болады?» деген ой айтты. Айтылды – айтылған
ой жерде қалмады. Күндіз-түні ойлап жүріп, бүлдіршіндерге арналған кітапша шығармақ болдым, — дейді Еркебұлан Тасқараев. – Идеяны шығармашылық жолында жүрген бөлеммен бөлісіп, ол мәтінін жазуға көмектесті. Балаларға тез жатталатын әрі жеңіл ат іздеп, «Бебеуге» тоқталдық. 2016 жылы «Сақ» киностудиясының суретшілерімен бірге отырып, түрлі-түсті кітапша шығардық. Жігіттерге өз мамандығымыздың, өрт сөндіру техникасының ерекшелігін түсіндірдім, олар ары қарай анимацияда жетілдіріп, кейіпкер дүниеге келді.
Сол жылдың қыркүйегінде ОҚО облыстық төтенше жағдай басқармасының басшысы Нұрболат Дербісовтың қолдауымен кітапшаның тұсауы кесілді. Туынды басқармаға жиналған Шымкенттегі балабақшалардың меңгерушілері мен әдіскерлеріне таныстырылып, олар өте жақсы бағалады, дейді идея авторы. Әділет министрлігінде авторлық құқық қорғалған соң Еркебұланның жеке қаржысына басылып шыққан 300 дана кітапша балабақшаларға тегін таратылған. Ал 2019 жылы комикс А-3 форматындағы бояу кітапшасы болып басылып шықты.
– Ол кітапшаны да 200 дана етіп шығарып, балабақшаларға тегін тараттық. Қазір қарасаңыз, шетелдің Бэтмен, Супермен секілді кейіпкерлері басылып шыққан қағаз-кітапшалар көп. Өскелең ұрпақ солардың орнына өзімізге жақын кейіпкерлерді танып өссе дейміз, — дейді өрт сөндіруші.
Автор осы идеясы арқылы өрт сөндірушілердің, жалпы, құтқарушылардың имиджін көтеруді мақсат тұтқанын айтады.

2


– Себебі, бізді көпшілігі тек өрт сөндіреді деп ойлайды. Ал азаматтық құтқару саласының өкілдері қандай да бір табиғи немесе техногенді апат орын алса, тұрғындарға көмек көрсетеді. Комиксте де өрт сөндірушілердің күнделікті өмірі көрініс тапқан. Мысалы, Бебеу де әкесі сияқты өрт сөндіруші болғысы келіп, бір күні әкесінің жұмысына барады. Бірақ, әкесі оның әлі жас екенін айтып, үйіне қайтарады. Қайтар жолда Бебеу түрлі оқиғаларға тап болған адамдарға көмектеседі. Мысалы, әжейдің талдың төбесіне шығып кеткен мысығын түсіреді, торғайдың құлап қалған ұясын бұтаққа іліп, кішкентай қыздың биікке ілініп қалған шарын әпереді, диханның шөліркеп тұрған бау-бақшасына су себеді. Осы арқылы біз өрт сөндірушілердің тұрғындарға көрсететін түрлі көмегін көрсеткіміз келеді, — дейді Еркебұлан.
Айта кетейік, биыл елімізде Азаматтық қорғаныс саласының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай жоба аясы да кеңейіп, Бебеудің мультфильмі шыққалы отыр. Жуырда Еркебұлан «Сақ»
студиясымен бірге анимациялық туындының трейлерін шығарған.
– Оны басшылар көріп, ұнатты. Қазіргі таңда қалалық әкімдікке ұсыныс жасап, толықметражды туынды жасағымыз келеді. Сюжеттің соңы Бебеудің мектеп бітіріп, Көкшетау техникалық институтына оқуға түсуімен аяқталады. Болашақта сериал түсірсек деп ойлаймыз. Ондағы ниетіміз – қызмет барысында ерлікпен қазаболған әріптестеріміздің өмірін көрсету. Сөйтіп, амандық болса, кинотеатрда, көпшілік алдында тұсауын кессек деген жоспарымыз бар, — деген Еркебұлан өзіне қолдау көрсетіп келе жатқан жандарға алғысын білдірді. – Осы тұста жобаның жүзеге асуына бастан-аяқ қолдау көрсетіп келе жатқан департамент басшысы Нұрболат
Бекболатұлына, кітапшаларды басып шығарып, мультфильм жасауда көп жеңілдік жасаған «Сақ» студиясының басшылығына алғыс айтқым келеді.
Құтқарушы сөз соңын қалай болғанда да барлық жұмысымыз тұрғындардың қауіпсіздігі үшін деп аяқтады.
– Жерлестеріміз үнемі өрт қауіпсіздігін сақтап, балаларды иіс газынан қорғаса. Жалғыз қалдырмаса деп кеңес береміз. Біз әрдайым көмекке келуге әзірміз. Себебі – отандастарымыздың қауіпсіздігі – басты назарда!

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті