АЛМА ӨСІРУДІҢ ҚЫЗЫҒЫ ҺӘМ ШЫЖЫҒЫ

Бау-бақша шаруашылығынан пайда бар ма?

Маңдайын күн сүйген күнгейде тұрсақ та, биыл өзімізде өсетін алманың тапшылығы байқалды. Бар болғанымен, бағасы қымбат. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, Шымкентте соңғы екі жылда 135 гектарға қарқынды алма бағы отырғызылған. «Жергілікті шаруалар өсіретін жеміс қайда кетіп жатыр? Неге алмадан тапшылық сезіледі?» деген ой мазалағаны рас. Алма бизнесімен айналысу қаншалықты тиімді? Қарқынды (интенсивті) бау дегеніміз не? Қаламызда алма өсірумен айналысатын қанша шаруа қожалығы бар? Осы сауалдар бізді көбірек қызықтырды.

 DSC8391

Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметіне сүйенсек, шаһарда бау-бақша шаруашылығын дамыту үрдісі 2015 жылдан бастау алған. 2017 жылдан бастап диқандар қарқынды алма шаруашылығын қолға алған. Нәтижесінде 2015 жылдан бері жаңадан 333,54 гектар алма бағы отырғызылған. Оның 69,34 гектары дәстүрлі, ал қалған 264,2 гектары қарқынды бау.
Қазіргі таңда қала аумағында бұл салада 20-ға жуық шаруа қожалығы еңбек етуде. Солардың бірі – «Д-Сабыр» шаруа қожалығы 15 гектар аумаққа интенсивті бау еккен. Аталған шаруашылыққа басшылық жасайтын Пәрмен Әлдебаевпен әңгімеміз бізді мазалаған сауал төңірегінде өрбіді.

Бау-бақшадан береке тапқан

Пәрмен Әлдебаев 2006 жылдан бері осы салаға қызығушылық танытып, іздене бастапты. Ала шапанды ағайындарды «нағыз диқан» деп білетін таптаурын көзқараспен Пәрмен ағамыз Өзбекстан жағалап, бау егуді үйренудің жолдарын сол жақтан қарастырады. Ташкенттегі Шредер университетінің Қоқандағы филиалына үш жыл қатарынан қатынайды. Төртінші жыл дегенде сол жақтағы профессор танысы: «Біздікі жеке сектор. Сен одан да интенсивті бау егіп үйрен. Ол үшін Еуропаға шық» деп кеңес береді.
– Қарқынды бау егудің қыр-сырын үйрену үшін Еуропаның Түркия, Польша, Италия, Сербия сияқты елдерінің агроаймақтарын араладық. Маған бәрінен де сербиялықтардың әдісі ұнады. Олар жайдары түсіндіреді және барлығын ақшаға әкеп тіремейді. Тәжірибе алмаса жүріп, білімнің жетіспеушілігінен көп артта қалып жатқанымызды түсіндім. Сосын ала шапанды ағайындарды көп біледі деп ойлаймыз. Негізі интенсивті бау бойынша олардан әлдеқайда ілгері дамып келеміз, — деді Пәрмен Әлдебаев.
Иә, білімнің жетіспеушілігі агросалада да аяқты тұсайтыны жасырын емес. Мәселен, Италияның жер көлемі Тараз қаласының жеріндей ғана шағын мемлекет. Онда диқандар жылына 12 мың тонна алма өсіріп, нарыққа шығарады. Кең байтақ елімізде 17-18 тонна бидай өнімін аламыз деп мақтанамыз. Әсілі, біздің мүмкіндігіміз де, жеріміз де жетіп-артылады. Бірақ өнім өндіруде кемшін тұстарымыз жетерлік. Шымқалаға қарқынды бау өсірудің үлгісін алып келген Пәрмен Әлдебайұлы малдың қиын тыңайтқыш ретінде бей-берекет пайдалануға болмайтынын алға тартады. «Оның бетін целлофанмен жауып, бір-екі жыл шірітіп, сосын пайдаға жаратады. Ал бізде тіке апарып, салады. Сосын бау-бақшаны шөп басып кетеді. Оның проблемалары көп. Одан да тыңайтқыш берген дұрыс», – деді сөз арасында.
Алма шаруашылығын қолға алған Пәрмен Әлдебайұлы сербтер бір рет көшет отырғызған жерге, екінші қайта өнім екпейтінін айтады. Өнімділігі азайып кететінін бір кісідей білсе керек. Ал бізде жыл сайын бір жерге көшет дайындай беретін қожалықтар бар.
Интенсивті баудың 200 жылдық тарихы бар. Бұл әдістің ең басты сыры – көшетте. Пәрмен ағамыздың ақтарылып айтқан әңгімесін саралай келе, дихан көшетке алданбаса, жұмысынан ұтылмайтынын ұқтық. «Көп адамдар көшет таңдаудан адасады да, сары дегені қызыл, қызыл дегені көк болып шығады. Арзан көшетке ұмтылады да, салған ақшасы «ауаға» ұшады. Көшет тамырларының да түрлі өлшемдері болады. Солардың ішінде, мәселен, «М9 106» тамыры Голландиядан шығады. Бағасы — 70 еуро. Сосын көшеттің тамыры топырақтың бетінде көрініп жатуы тиіс. Бізде көбінесе адамдар көшеттің тамырын көміп қояды. Ол дұрыс емес. Қаламызда көптеген тәлімбақ бар. Көпшілігі көшетті базардан сатып алатындықтан, өнімі дұрыс болмайды», — дейді дихан кәсібінің нәзік тұстарына бізді де үңілдіріп.
Интенсивті бау демекші, Кеңес кезіндегі баулардың гектарына 450 данадан артық ағаш еге алмайтынсыз. Ал қарқынды бауда жеміс ағаштарын 2500 данадан 4100 данаға дейін отырғызуға мүмкіндік бар. Дәстүрлі баудан он есе көп десек болады. Одан соң бұрынғы бауда бір көшет 7-8-жылдан кейін жеміс беретін. Адам жеміс алам дегенше күтумен-ақ шаршайды. Тұрақты нәтиже беріп тұрмаған соң бір жылдан кейін-ақ мазасы қашады. Көп адам ары кетсе 3-5 жыл істейді, нәтиже болмаған соң орта жолдан тастап кетеді. «Оданша малым жақсы» дейді. Қанша дегенмен, шаруаға жақын ұлт емеспіз бе?!
Ал қарқынды бау үшінші жылдан бастап өнім береді. Бесінші жылға келгенде агроқолдауын дұрыс істеп, дәрумендерін жақсы жеткізсе, шығынның 70-80 пайызын ақтап береді. Алтыншы жылы кеткен шығын толық жабылады. Жетінші жылы таза табысқа шығасыз. Сосын бір келісін 30 теңгеден сатсаңыз да бәрібір. Өйткені, сіз егіп алдыңыз, ары қарай бейнетіңізге жараса болды. Бір ағаш 30 кг алма береді деп есептесеңіз, 30 кг-нан 90 тонна жеміс шығады. Онда да ең жақсы сорттарын аласыз. «6+», «7+» деген сияқты өлшемдері болады. Майдасын санамайсыз. Бұл маманның кеңесі.
Жергілікті халықтың арасында «интенсивті бау 2-3 жыл жеміс бергеннен кейін, солып қалады екен» деген қате түсінік бар. Бұл туралы маманның пкірін білдік. «Жеміс ағашына тура балаға қарағандай әлпештеп қарайсыз. Керекті тыңайтқыш, дәрумендері дұрыс берілсе болды. Топырақтан сынама алып, Шымкенттегі топырақтану институтына алып барамыз. Жерімізге не жетпей жатқанын бүге-шігесіне дейін айтып береді. Адам ағзасына не жетіспесе, бұларға да солай», — дейді кәсіпкер.
Қызу әңгімелесіп шаруа қожалығына жеткенімізді де байқамай қалыппыз. Расында арасы жиі-жиі, қаз-қатар тізілген бірыңғай алма көшеттері. Шетсіз-шексіз аумақ сияқты көрінеді екен. Бұл алмалар былтыр ғана егіліпті. Биыл екінші жыл, ал қарқынды баудың қағидасына сәйкес, бұл бау келесі жылы, яғни үшінші жылға қараған шағында жеміс береді. Сондықтан, қазір «бұл баудың жемісі неге жергілікті халыққа жетпей жатыр?» деп дабыл қағуға әлі ертелеу.
25 гектар аумақты алып жатқан қожалық әу баста игерілмей құр жатыпты. Пәрмен Әлдебайұлы серіктестерімен бірге осы жерге 100 миллион теңге (оның 4 млн 716 мың 34 теңгесі – мемлекеттік субсидия) инвестиция құйып, 2 шақырым жерден жарық тартып, трансформатор қойған. Ал суды сол жерден бассейн қазып шығарған. Бауды да осы бассейннің суымен суғарады. Бір қарағанда аса үлкен боп көріне бермейтін бассейннің суы 15 гектар жерге жететін көрінеді.
Инфрақұрылымнан бөлек, егіс алқабы болған соң техника да керек. Кәсіпкер трактор, жүйектерге қада, темір, сым сатып алған. Енді алмалардың үстін жабатын тор алуы керек. Негізі Сербиядан келген көшеттер -35 градус суыққа да шыдайды екен. Сонша қаражат жұмсалған қожалықтың өзекті мәселелері де жетерлік. Жалпы біздегі кәсіпорындар электр энергиясының тапшылығынан қиналатыны жасырын емес. «Д-Сабыр» шаруа қожалығы әр маусым сайын электр қуатының әр
киловатына 28 теңгеден жалпы 300 мыңға дейін төлем төлейді екен. Ал индустриалды аймақта электр энергиясына 11 теңгеден төлейді. «Мемлекет электр энергиясы бойынша шілдеден бастап күздің ортасына дейін қолдау көрсетсе дейміз. Өйткені, қазір сатылатын жеміс болмағандықтан, сәйкесінше табысымыз да жоқ», — дейді Пәрмен Әлдебаев.
Мұнда алманың «Айдаред», «Ред делишес», «Джонаголд», «Глостер» сынды түрлері бар. Қожалықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, науқан кезінде жұмысшылар саны көбейеді. Алайда, сол жалдамалы жұмысшыларды тарту қиындық туғызатыны да айтылды. «150 мың теңге жалақы төлейміз. Сонда да келмейді», — дейді қожалық иесі.
– Оңтүстік жұртшылығы тәтті қызыл алманы, солтүстік қазақстандықтар қышқыл көк алманы жақсы көреді. Әр үйдің 1 гектар бауы болса, 60 тоннадай өнім алады. 100 теңгеден сатса, 6 млн теңге табады. Бір жылда бір отбасы 6 млн теңге табыс тапса, керемет қой, — деп Пәрмен ағамыз әр қазақты тым құрығанда есігінің алдына алма өсіруге үндейді. Өзі алғашында Асар шағынауданындағы 6 соттық саяжайын шағын бауға айналдырған. Қожалықтан қайтар жолда «Есіктің алдындағы интенсивті бау қандай болады екен?» деген оймен П.Әлдебайұлының саяжайына соқтық. Шағын бауда алма да, алмұрт та, шие де, жиде де, жаңғақ та егіліпті. Алмалары жерге төгіліп жатыр-ау. Біз де ауыз тидік. Дәмі жақсы. Ал көшетін Қытайдан әкелген «Шлан» жидесінің көлемі жаңғақтан да үлкен сияқты көрінді. Оны бағбан Күншығыс елінен тәжірибе үшін әдейі алып келіпті.

Алтайдың алмасы

Иә, адамның қолы гүл ғой?! Шымкенттен бес шақырым жердегі Қасымбек датқа ауылының тұрғыны Алтай Жаппаров ауласындағы 20 соттық жеріне өз қаржысына 100 түп алма егіп, сол төңіректі жемісімен қамтамасыз етіп отыр. Өмірін де, алма бағын да еңбегімен көгерткен ол жеміс ағашын егуді 2002 жылы бастаған. Бастапқы екі жылы өсіп-өнуге кеткенін, үшінші жылдан өнім алғанын есепке алсақ, Алтай Сабырұлының алма бағының жап-жасыл боп жайқалып тұрғанына 15 жылдан асыпты. Өзінің айтуынша, алма ағашының әр түбі 100-120 кг жеміс береді. Бірақ, 100 түптің барлығы бірдей жеміс салмайтын көрінеді. Елуі бір жылы, қалған елуі екінші жылы алмасып өнім береді екен. Сонда 50 түптен әр маусымда 200 мың теңгеден жоғары табыс табады. Диханшылықпен хобби ретінде айналысатын азаматтың негізгі жұмысы басқа салада.
Алтайдың алма бағында алманың түрі көп. Онда Қырғызстаннан алып келген «Крепсон», Алматының «Алматинский голден» және «Апорт», Сарыағаштың «Ронетка» деген тәтті алмалары бар. Бұл алмалар сатқаннан бөлек күтіп-баптауға кеткен шығындарын да жабады. Демек, есігіңіздің алды игерілмей бос жатса, алма егіп, айтарлықтай табыс тауып отырсаңыз болады.
А.Жаппаровтың алма бағына қызығушылар көп. Көршілері де өз ауласын кішігірім баққа айналдырып, жемісін жеп жүрген жағдайы бар. Оның үйіне келген көрші-қолаң, таныс-тамырдың сөмкесі бос кетпейді. Алма арқалатып жібереді. Ал өзі осылайша жақын-жуықтың алғысын арқалап жүр.
Ал алмасының бағасы қаладағы көтерме сауда базарларынан әлдеқайда арзан. Ол жақтарда 300-400 теңгеден саудаланса, Алтайдың алма бағынан келісін 150-200 теңгеден аласыз.

Маман тапшы…

20 соттық жерден маусым сайын айына 200 мың теңге табыс тауып отырған бағбан агрономия саласына асқан қызығушылықпен келген. Әйтпесе, негізгі мамандығы — қаржыгер. Жоғарыда сөз еткен Пәрмен Әлдебайұлының мамандығы да агроном емес. Екеуі де «жерге еткен жақсылық жерде қалмайды» деген ұстаныммен өмір сүріп, алма өсірудің қызығы мен шыжығын бір кісідей татқан адамдар. Сыртқа оңай көрінгенімен, алма өсірушілердің де өзіндік проблемалары бар. Бұл осы салада мамандарды даярлайтын оқу орнынан басталады. Елдегі бақ шаруашылығындағы инфрақұрылым мен кадрлардың жетіспеушілігі – күрмеуі қиын мәселелердің бірі.
–Алма өсірумен айналысатын қазақстандық бағбандардың басты мәселесі – білім мен мамандардың жетіспеуі. Жылда еліміздегі интенсивті алма бақтарын дамыту үшін инвестиция және оларға кәсіби күтім қажет. Оған қоса, қазір білікті агрономдардың тапшылығы байқалады. Бұл соңғы 20 жыл ішінде осы саладағы білім беру бағдарламасының жаңартылып, дамымағандығын көрсетеді. КСРО ыдырағаннан кейін ауыл шаруашылық университеттері дәстүрлі бау-бақшаларды өсіру саласында білім беруді жалғастырса, бұл кезде Еуропа мен АҚШ-та интенсивті алма бақтары дамып жатты, — дейді Алматы облысының бағбандар қауымдастығының жетекшісі Арсен Рысдәулетов.
Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде сатылатын алманың 50%-ы сырттан келеді. Ал, ішкі нарықты өз алмамызбен қамту үшін бақ көлемін арттыру қажет.
Көзін таба білген кәсіпкерлер үшін алма бағына инвестиция құю – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын табыс көзі.
«Алма бақтары – бұл отбасылық бизнес. Кәсіпкерлер бұл іске басқаша көзқараспен қарайды. Олардың кейбіреулері құйған инвестицияны тезірек еселеп алып, кейіннен сатылымға шығару үшін бақшаны дамытады. Ал, енді бір кәсіпкер ондаған жылдардан кейін балаларының өзі бастаған жұмыстарын жалғастыратындығын біліп, бақшаға көп қаражат бөледі», – дейді сарапшы.
Рас, қарқынды алма бағын өсіру үшін 1 гектарға 50 мыңнан 70 мың долларға дейін қаражат кетеді. Ал, еліміздің әр тұрғыны жылына бір келі алманы тұтынуы қажет. Ол үшін жылына 270 мыңнан астам тонна алма өндіру керек.
«Шымкент қаласының аумағындағы шаруашылықтарда өндірілген алмалар негізінен жергілікті нарықты қамтамасыз етуде», — дейді ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері. Алайда, жергілікті тұрғындардың айтқан шағымынан кейін «қолдағы барды ұқсата алмай отырмыз-ау» деген қорытындыға келдік. Бәлкім, «Егістіктен сөреге дейін» бағдарламасын дұрыстап қолға алу керек шығар. Сонда кәсіпкерлер өз өнімдерін артық шығынсыз және ешбір кедергісіз саудалай алар еді.
Қазақстан алманың отаны саналса да, алма экспорты жөнінен әлемде тек 42-ші орында тұр. Жалпы еліміздегі алма бақ алқаптарының көлемі 34 мың гектардан асады. Бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайту үшін сапасы жоғары 3 млн көшет отырғызу керек. Ал оған күнгейдің, жалпы еліміздің климаты қолайлы, күні күліп, суы ағып тұр.

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті