Қарулы күштер қатарындағы жемқорлықтың алдын алу мәселесі қаралды

Бүгін қарулы күштер қатарында жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша өзара іс-қимыл мәселелерін қаралды – деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

«Армия парасаттылықтың, тәртіп пен тазалықтың тірегі болуы керек. Орталық деңгейде осы бағытта қолдауға лайық маңызды қадамдар қабылдануда. Әскери бөлімдерде алдын алу шараларын күшейту талап етіледі. Сонымен қатар, озық технологияларды енгізе отыра, әскери бөлім қоғам алдында армияның тірегіне айналатын азаматтармен өзара әрекеттесудің үлгілі «терезесіне» айналуы керек.

Бұл тұрғыда тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет», – деп атап өтті Агенттік төрағасы.

Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы қоғамдық консультативтік-кеңесші органдардың өкілдерімен қатар әскер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтардың, әскер тектерінің қолбасшылары, жергілікті әскери басқару органдарының және әскери полицияның бастықтары қатысты.

Алик Шпекбаев жемқорлыққа қарсы бастамалардың іске асырылу барысын жария ете отырып, жеке жауапкершілік туралы нормалар аясында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуын әлсірететін басшыларға қатысты қағидаттық шешімдер қабылдаудың, жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауларды сапалы орындаудың және мемлекеттік органның мәнмәтіні ескерілген өзіндік бастамаларды пысықтаудың маңыздылығын атап өтті.

Спикерлер еліміздің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету және мемлекетті сыртқы қатерлерден қорғаудың стратегиялық міндеттерін ескере отырып, жемқорлықтың алдын алу жалпы Қорғаныс министрлігі мен қарулы күштер қызметінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ведомствода сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ішкі қауіпсіздік функцияларымен басқарма құру туралы айтып берді. Ол әскери қызметке келісімшарт бойынша мемлекеттік, әскери қызметтен, арнайы және құқық қорғау органдарынан теріс себептермен босатылған тұлғалар қабылданбайтынын атап өтті.

Министрліктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының жұмысы – нормативтік құқықтық қорды талдауда және тәуекелдің «аймақтарын» анықтауда бастапқы нүкте. Әскери қызметке шақыру, мемлекеттік сатып алуды іске асыру, жеке құрамды тамақтандыру жұмысын ұйымдастыруды бақылау, күрделі құрылыс, тұрғын үйді бөлу салаларында және басқа да мәселелер бойынша 90-ға жуық ұсынымдар әзірленді.

Атап айтқанда, әскерге шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну және одан босату бойынша екі мемлекеттік қызмет Электрондық үкімет порталы арқылы ашық көрсетілетін болады.

«Қорғаныс министрлігі азаматтардың айрықша сеніміне ие. Қоғаммен кері байланыс деңгейін одан әрі арттыру мақсатында «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» жобасы аясында жергілікті әскери басқару органдарының мемлекеттік қызметтер көрсетуінің сервистік моделін қамтамасыз ету қажет», — деп атап өтті Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Айгүл Соловьева.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен күш-жігерді ескере отырып, қорғаныс ведомствосындағы жемқорлық деңгейінің жалпы төмендеу трендін атап өтті. Әріптестікті нығайту аясында ағымдағы жылдың қараша айында жергілікті әскери басқару органдарында жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойылды.