Қазақстанда тұңғыш рет парасаттылық тақырыбындағы мурал салынды

Алматыда әл-Фараби даңғылы бойында (Меңдіқұлов пен Достық көшелерінің арасында) «Алматы — Адалдық Алаңының» аясында «Өз еліңді бұзба» муралы салынды.

Жобаны қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, белсенділер мен қоғам қайраткерлері қолдады.

Бұл композиция азаматтарды адамгершілікке тәрбиелеуге, адалдық, әділеттілік және сатылмаушылық қағидаларын сіңіруге арналған.

Муралдың тұсаукесеріне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы Алик Шпекбаев қатысты.

Ол: «Жұмысты алдын алуға және парасаттылық жүйесін ілгерілетуге, адал және парасатты ұрпақ тәрбиелеуге, халықпен тұрақты кері байланыс орнатуға бағыттау керек. Азаматтарды тыңдап, оған құлақ асып, кез-келген мәселеге жедел ден қою қажет», — деп жобаның маңыздылығын атап өтті.

Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жобаның бастамашысы ретінде азаматтарды жемқорлықпен бірлесіп күресуге шақырды.

Әр қазақстандықтың бұл іске атсалысуы құқық бұзушылық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында елдегі жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.