Теріс пәтуалар – діни экстремизмге итермелеуші негізгі күш.
Ғаламтордағы діни экстремистік идеяларды насихаттайтын пәтуалардан сақтану үшін мына қағидаттарды ұстану қажет:
— күмәнді дереккөздерді пайдаланбау;
— ҚМДБ пәтуаларын, сайттарын пайдалану (fatua.kz);
— мүмкіндігінше шетелдік ғаламтор сайттарын пайдаланбау, сақтықпен қарау;
— сауалды ғаламтордағы жауапкершілігі жоқ белгісіз тұлғаларға емес, арнайы діни қызметкерлерге (имам-молдалар) қою;
— діни сауаттылықты арттыруға ұмтылу.
ХХІ ғ. ашық ақпараттық дәуір болғандықтан түрлі ақпараттар ашық жарияланып, көптеген мәліметтер жұртшылыққа қол жетімді болып отыр. Дегенмен мәліметтердің шамадан тыс көп әрі қол жетімді болуы діни экстремистік идеялардың кеңінен таралуына да жағдай туғызуда. Экстремистік ұйымдар өз қатарларына тарту үшін өз идеяларын кеңінен насихаттап, ұстанымдарының дұрыстығын діни тұрғыдан дәлелдеуге тырысады. Сол арқылы жалған пәтуалар (исламдағы діни-құқықтық қорытынды шешім) беріп, кеңінен насихаттайды.
Теріс пәтуалар – діни экстремизмге итермелеуші негізгі күш. Пәтуа берген адам – дін атынан сөйлеуші. Кім пәтуа беріп, өз пәтуасының Алла алдында ақиқат екенін дәлелдей алса, сол адам мұсылмандардың іс-әрекетіне тікелей әсер ете алады.
Теріс пәтуа беруші адам сол арқылы қоғамға іріткі салуға, қақтығыстар туғызуға себепкер болуы ықтимал. Теріс пәтуалар күмәнді дереккөздер арқылы таратылып, діни сауаты төмен адамдарды арбаудың құралына айналды.
Теріс пәтуалардың діни негіздемесі әлсіз болып келеді. Кейде танымал діни қайраткерлердің атын жамылып беріледі. Қазіргі кезде онлайн-пәтуа беретін сайттар ғаламтор бетінде күн санап артуда. Алайда пәтуа бергіштер көбейгенімен, дін құндылықтары артып жатқан жоқ. Керісінше, діни қақтығыстар, бұзақылық әрекеттер өршіп, рухани жұтаңдық күшеюде.
Ақпарат көзі: Аңсар орталығы