Шымқалада — қос премьера

Аманат!..
Алдыңда әлі ұлы күндер,
Қайта оралып түрігімдер.
Бөлінгенді – бөрі жейді,
Бірігіңдер, бірігіңдер!

Кешегі өткен бабалар рухын жаңғырта отырып – бүгінгі өркениеттің пәрменімен тарыдай тарап кетпеуге шақыратын «Аманат» атты этно-композициялық толғаумен 87-ші маусым шымылдығын түрген шаниндіктер, пандемияның қиындығымен күресе жүріп қос бірдей премьераны қанжығасына байлады. Әрине, көрермен залының лық толы отырғанына не жетсін?! Уақыт талабына орай 500 орынды көрермен залына 50 көрерменді ғана қабылдауға мәжбүр болдық. Бұл күн де өтіп, жақсы күндердің келетініне сенелік.

«Аманаттан» түйін тарқатсақ: «Ұлы Тұран даласын кімдер мекендеген? — деген сұрақ туындай қалса, бірауыздан сонау сақ дәуірінде «шаһтардың шаһы» — жеті патшалықты бағындырған даңқты қолбасшы Кир патшаның басын шапқан, соңынан ере келген жер қайысқан қалың қолын талқандап, туған топырағынан келмеске түре қуған әйгілі анамыз — Томирис патшайымды ауызға аламыз. Томирис анамыздың «Ұлы даламның еркіндігін өздеріңе аманат етемін!..» деп біздерге қалдырған өсиетімен басталатын қойылым, Тұран даласының сан-қилы кезеңін көрерменге хореграфиялық шешімімен көркейте жеткізіп, көне дәуір үнімен дабыл қақты.

Қазақ мемлекетінің уығын шаншыған Керей-Жәнібек пен ұлт тағдырына тебіренген Абай ақын, Арыстың жағасынан ән жолдаған Шәмші…

Иә, бұл жолғы ашылу салтанатымыз нақтылы қойылымнан өзгешелеу. «Әдеттегі қойылымның орнына неге концерттік бағдарламамен ашты?» деген орынды сұрақ қоюыңыз бек мүмкін.

Баршаңызға мәлім, 2020 жыл — Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болуына орай театрдың шығармашылық ұжымы «Ұлы дала үні» болып, бабалар өткен тарихқа бүгінгі ұрпақтың көзімен шолу жасауға бел шешті. Тарихтан тағлымның да көрерменге берері мол екенін ескерсек, толғауымыздың орынды қойылым болғанына күмәніңіз сейілері хақ.

201


Араға аз күн сала премьерасы өткен екінші «Қол» психологиялық абсурдтың авторы осы жолдардың авторы болғандықтан, анау айтты пікір жазудың өзі қиынға соққанын жасырмаймын. Пьесаның негізгі арқалап тұрған идеясы: өзгені – өзіңдей көр, қиянат жасама, Адам атына лайық бол.

Әлбетте, кәнігі театр көрермені болмаса «Қоғам қайда барады?..» деген пәлсапаға құрылған қойылымды тосыннан келген көрерменнің бірден қабылдауы қиынға түсері хақ. Десе де, жеңіл-желпі дүниеден – салмағын таразылайтын дүниеге қарай ұмтылғанның артықтығы болмас. Бағасын көрермен берсін делік.

Шектеу қойылған кезеңде Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры өзінің инстаграмм және фейсбук парақтарында Дулат Исабеков, Иран Ғайып, Гүлжамал Қазақбаева, Құлбек Ергөбек, Түймехан Атымтаева, Роза Мұқанова сынды қазақтың айтулы тұлғаларымен онлай-сұхбаттар жүргізіп, театр мен әдебиет әлеміндегі үндестікке ой толғады.

Қиындықсыз театр жоқ. Ж.Шанин атындағы театрдың да өзіндік қиындығы баршылық. Десе де, жаңа маусым басталғанға дейін театр басшысы Қайрат Қарғабаев қол қусырып отырмастан келер көрерменге хош көңіл сыйларлықтай ғимараттың іші-сыртына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа маусымды етек-жеңін жинақы дайындықпен бастады.

Үстіміздегі жыл Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейжылына орай алдағы уақытта Ұлы Ұстаз өміріне арналған жаңа премьерамыздың дайындалып жатқанын құлағдар етеміз.

Сая Қасымбек,
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ
театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі,
драматург

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті