Шымкент: Электрондық төлемдер кезең-кезеңімен енгізіледі

Шымкентте қоғамдық көліктер тамыз айынан бастап электрондық жүйеге ауысады деп жоспарланған болатын. «Арнайы құрылғылар шекара шебінде тұр. Олар кедендеу рәсімінен өткізілуде», — дейді Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы
Наурыз Сүгірәлиев.

– Тамыз айының басында жабдықтарды орнату және тестілеу тәртібін өткізу жоспарлануда. Қоғамдық көліктер терминалдармен жабдықталады. Он күн ішінде барлық жабдықтар орнатылуы тиіс. Электрондық төлем кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Өйткені жолаушылар жаңа жүйеге үйренулері керек, — дейді бөлім басшысы.
Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде. Санатына қарай жеңілдік алушылардың тізімі жасалуда. Олардың әрқайсысында жеке дара «Төлем» карточкалары болады. Сол арқылы қоғамдық көлікте тегін жүреді.

Карта құны – 500 теңге. Оларды жақын уақытта қаладағы дүкендерден, сауда орындары мен киоскілерден сатып алуға болады.