ШЫМКЕНТ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ ІІ ЖАРТЫСЫНДА

ХІХ ғасырда өлке түгелдей орыс билеушілерінің қол астына өткен уақытта алғашқы рет Шымкенттің батыстық қала кластеріне өту кезеңі жүзеге асты. Отаршыл билік табан тіреген қалалардың маңызын жоғарылату үшін Қазалыны Түркістан, Чуст, Ура-Төбе, Самарқанд, Ташкент қалаларымен бір деңгейге көтеріп, оны 3-ші, Әулиеата, Перовск, Верный, Қаттақорған қалалары 4-ші классты қала деген дәреже берсе, ал, Шымкент қаласы Қапал, Сериополь, Тоқмақ, Лепсі қалаларының қатарында 5-ші классты қала дәрежесіне ғана іліне алды. Бірте-бірте Түркістан қаласы да 3-ші класстан 5-ші классқа ауыстырылғандығын да Өзбекстан Республикасындағы мемлекеттік орталық архивінің №1-ші қорының №242-ші іс-қағазындағы «Об определении класса городов Туркестанского края по торговому их значению» деген құжатының дерегіне сүйене отырып айта кетуге болады.

2

Шымкент қаласы 42°18´ солтүстік ендікте және 39°16´ шығыс бойлықта, теңіз деңгейінен 1660 фут (30,48 см.), яғни 506 метр биіктікте, Сырдарияға оң жағынан келіп құятын Арыс өзенінің сол қолтығы Бадам өзенінің алқабында орналасқан қала екендігін ХІХ ғасырда орыс картографтары дәл анықтап алып, жаңа отарлық биліктің өлкені толық басқаруына жағдай жасау үшін «Карта Туркестанского генерал-губернаторства. 1868 г.» деп аталатын арнайы карта сызып алған. Қазіргі кезеңде ол карта Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық архивінің №689 қорында сақтаулы тұр.
Шымкент қаласы М.Черняевтің басып алуынан бастап Жаңа-Қоқан әскери линиясының құрамына, ал 1865 жылдың 12 ақпанынан бастап Түркістан облысының, 1867 жылдан Сыр-Дарья облысының уездік орталығы болып бекітілген. Шымкент уездік қалалардың ең көрнекісі және ірі сауда орталығы болатын. Ол табиғаты сұлу жерде, Ташкент қаласынан 116,5 верст жерде орналасқан. Қошқарата бұлағының қасиетті суы үшін қалаға келушілердің саны өте көп болған. Қала Қоқан хандығының қоластында болған кезде, 1856 жылы Ташкент беклербегі Мырзахметтің бұйрығымен алғаш рет базар салынды. Ол туралы дерек оңтүстік өлкесін зерттеуші барлық тарихшыға белгілі сол заманның зерттеуші-авторы А.И. Добросмысловтың 1912 жылы Ташкент қаласының «Эл.-пар. Типо-лит. О.А. Порцева» атты баспаханасында басылып шыққан «Города Сыр-Дарьинской области. Казалинск, Перовск, Туркестан, Аулиеата и Чимкент. С рисунками и 2 снимками с рукописей» атты кітабынан алынды.

100

Сурет №1
– Шымкент қаласының 1909 ж. 21 сәуірде бекітілген гербі (Сурет еркін интернет көзінен алынған)

Шымкент қаласы қарастырылып отырылған кезеңдегі саяси-әлеуметтік және экономикалық-шаруашылық жағдайын сипаттайтын гербке ие болды. Герб қалқаны «Геральдика» ғылымында «Кантон» деген классификацияға ие болған үлгіде жасалған. Яғни, герб қалқанының оң жақ жоғарғы бөлігі оның оң кантоны деп есептеледі және ол жерге қаланың Сырдария облысының уезі екендігін көре аламыз. Осыған дейін Сырдария облысының «Фарс» деген стильдегі гербі жасалып, ол Сырдария өзені, оның екі жағалауындағы құмды және облыста жақсы өнім беретін жүзімді бейнелейтін сурет салынған герб те қабылданған болатын. Осы герб Шымкент қаласы гербінің оң кантонына орналастырылған. Осылайша уездік қаланың әкімшілік-саяси жағынан қандай облысқа қарасты екендігін аңғара аламыз. Сонымен бірге, гербтің тәжіне отаршылдық қамал салынып, уездік қаланың бодандық сипатын да аңғартады.

6

Сурет №2
– Сырдария облысының гербі (Еркін интернет өрісінен алынған)

Ал, шаруашылық-экономикалық жағдайын өңіріміздің және қаланың жүзім, ақ бидай, қызыл бидай, мақта өсірілуінің патшалық отаршылдарды қызықтырғандығын байқаймыз. Ал табиғат байлығының әлемдік деңгейдегі №1 табиғи монополист дәрежесіне шығарған дермене өсімдігі үшін гербте негізгі орталық орын беріліп, ол шымды бейнелейтін жасыл мауытыда күміс жіптермен кестелене, әшейкейленіп салынғандығынан анық көре аламыз.
Қазіргі заманауи қалалардың барлығында қаланың бас жоспары болатындығы белгілі. Шымкент қаласының осындай бас жоспарын алғаш рет 1904 жылы әскери губернатор Корольков бекітіп берген. Бұл жоспар бойынша қаланың жер аумағы 21841 десятина 1280 шаршы сажень (52419,68 гектар) болып анықталған.
Жоспардың қазақтарды қала тұрғындарына айналдыру емес, Шымкент қаласын Ресей патша отаршыларының табыс көзіне айналдыру үшін жасалғандығын «Сведения их области о количестве городских земель, об имуществе городского, и о городских оброчных статей» деген құжатта атының өзі көрсетіп беріп тұр. Құжат аталымындағы «Оброчная статья» дегеніміз Ефрон-Брокгауз сөздігі бойынша «Оброк» салығын төлей алатын бап дегенді білдіреді. Яғни аталмыш құжатты жасаушы орыс шенеуніктері Шымкенттің түкпір-түкпірін толық аралап, түрткілеп, қайдан тағы да қосымша табыс табуға болатындығын жатпай-тұрмай іздестірген, өлшеген, есептеп шығарған. Бұл жерде құжатқа екі түрлі қатынас жасауға болады. Біздің қазіргі түсінігімізше, қала дегеніміз – құрылыстар мен ғимараттардың және қала инфрақұрылымының жиынтығы болатын болса, дерек куәлігіне қарасақ – ХІХ ғасырдағы қала келбеті біздің түсінігімізге мүлдем сәйкес келмейтіндігін көре аламыз. Әскери губернатордың бекіткен қала жоспарында ХІХ ғасырдағы Шымкентте егістік алқаптары да (8264 десятина 70 шаршы сажень), тыңайтуға қалдырылған жер де (728 десятина 670 шаршы сажень), шөп шабындығы да (1060 десятина 400 шаршы сажень), жоңышқа егілетін жер де (523 десятина 2190 шаршы сажень) болған екен. Десятина деп аталған революцияға дейінгі орыс жер алаңын өлшеу бірлігі 2400 шаршы саженьге тең болған. Ал, шаршы сажень деген өлшем бірлігін қазіргі заманғы метрлік өлшемге айналдырсақ, ол 2,134 шаршы метрді құрайды. Сонда қала жеріндегі егістік алқаптары 42325 гектарды құрағанын, ал тыңайтуға 3730-ға жуық гектар жер қалдырылғандығын, шөбі шабылып алынып, қысқа әзірлену үшін бөлінген жер көлемі 7,5 мың гектарға жуықтағандығын, жоңышқа 1,2 мың гектардан аса жерге егілгендігін біле аламыз. Яғни, қала ішіндегі бірқатар жер және қала маңындағы жердің барлығы мал ұстау үшін арналғандығын көреміз және осыған орай егіншілік пен мал шаруашылығы қала тұрғындарының негізгі кәсібі болғандығын анықтай аламыз. Қала тұрғындарының негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысқанын көрсететін негізгі көрсеткіштің бірі – қаланың жайылым жерінің қала жоспарына енгізілуі болып табылмақ. Әскери губернатор Корольков «под выгоном» деп көрсеткен мал жайылымы жеріне 9430 десятина 1580 шаршы сажень, яғни, 22633,6 гектар жер бөлінгендігін біле аламыз. Шымкент қаласының аумағына тал егу атадан келе жатқан дәстүр екендігін ол үшін 214 десятина 840 шаршы сажень, яғни 515-ке жуық гектар жерлер бөлінгендігінен аңғаруымызға болады. Қаланың сайлы шатқалда, бұрынғы өзен аңғарында орналасқандығына «Корольков жоспарының» «Под галечной массой были заняты 408 десятин 500 квадратных саженей» деп көрсетуі дәлел. Яғни, бұл сандарды қазіргі заманғы өлшем бірліктеріне ауыстырар болсақ, онда 980 гектар болып шығады. Осы аумақты қазіргі «Жеке құрылыс» үшін берілетін 8 соттық жері бар учаскелер санымен салыстырар болсақ, осы кезде 9800 учаскелік жердің орнын осы шағыл тас басып жатқандығын көреміз.
«Қала жоспары» зираттардың алып жатқан жер көлемін де есептеп шығып, олар 18 десятина 770 шаршы сажень деп көрсеткен. Онымыз 44 гектарға жуық жер. Осыдан соң «қала жоспары» біртіндеп тұрғылықты мекендерді өлшеуге кіріскен. Қала құрылысының жалғыз нысаны ретінде «Қала мешіттері» айналасындағы тоғайларымен қоса есептелінген, осыдан басқа қала құрылыстары туралы «Сведения их области о количестве городских земель, об имуществе городского, и о городских оброчных статей» деп аталатын дерек ешқандай мәлімет бермейді. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бастапқы кезеңінде Шымкент қаласында қаланың мешіттері айналасындағы тоғай ағаштарымен қоса есептеген кезде 10,42 гектар (4 десятина 820 шаршы сажень) жерді алып жатқандығы дерек мәліметі бойынша анықталды. «Оброк» салығын жинай алмайтын келесі жер – қала аумағындағы батпақтар мен қамыстар алып жатқан жердің алаңы – 18 десятина 1490 шаршы сажен, яғни 45 гектарға жуық жер. Бадам өзені, ағын сулар мен арықтар 161 десятина 740 шаршы сажен жер аумағында ағып жатқан. Сонымен бірге, салық салынбайтын жер қатарына «Әскери ведомствоның» иелігіндегі 288 десятина 920 шаршы сажен, яғни, 692,12 гектар жер де кірген [281]. Сонымен, бас-аяғы Шымкент қаласының барлық жер аумағынан патша билігі 900-ға жуық десятина немесе 2000-нан асатын гектар жерді алып жатқан екен. Оның өзінің 700-ге жуық гектары «Әскери ведомствоның» жері дейді Өзбекстан Республикасының архивінен алынған «Сведения их области о количестве городских земель, об имуществе городского, и о городских оброчных статей» атты құжат-дерек. Аталмыш дерек осы архивтің 1-ші қорының №1199 іс-қағазынан алынып отыр.
Әулиеата, Шымкент, Түркістан, Созақ, Сайрам бірнеше мәрте жоңғар шабуылдарына және өзара соғыс әрекетіне ұшырап, олар әлденеше рет талқандалған, Орта Азия хандықтарының да қоластына түскен. Сөйтіп, ақырында қалалардың үлкен бөлігі қаңырап бос қалған болатын. Қазақстан жеріне осы кезеңде келген орыс саяхатшылары оның оңтүстігіндегі қалалардың барлығының көп жері қирандыларға айналғандығы туралы айтады.
Мысалы, 1800 жылы, сол жерлерде болған Поспелов пен Бурнашев Түркістан қаласы туралы былай деп жазады: «Ертеде бірталай даңқты болған бұл қаланың қаңырап қалғаны сондай, мұнан қазір 300 үйді де санап шығуға болмайды, қаланың бұрынғы кең аумағы тек кұлап жатқан үйлерден ғана көрінеді». 1898 жылы осы жерге келіп кеткен Филипп Назаров та Шымкент төңірегіндегі қазақтардың тастап кеткен үйлері, бақтары мен егістік жері туралы осылай хабарлайды. Ал, 1893 жылы өзінің «Отчет о командировке в Среднюю Азию» атты еңбегінде В.В. Бартольд Шымкент пен Сайрам арасында арнасы кеуіп қалған арықтар өте көп деп жазды.
Шымкент ХІ ғасырдың басында классикалық ортағасырлық қала сипатына еніп, цитадель, шахристан, рабад бөліктері анықталып, бөлініп шыға бастады. Цитадель қамалының қалыңдата қаланған пахсадан тұрғызылғандығы белгілі. Оның ішінде орыс отаршылдары кезінде шенеуніктердің үйлеріне, солдаттардың казармасына айналдырылған бектердің ортағасырлық ортаазиялық сарайлары болды. Екі қорғаныс қамалдың ішінде орналасқан цитадельдің (қамал) қақпасы оның оңтүстік-батыс жағына орналасып, Ташкент, Түркістан, Сайрам және Әулиеатаға баратын негізгі көше-жолдар қамалалды алаңынан тармақталып бөлінетін. Осы аталған төрт қалаға баратын жолға көптеген тар және тұйық көшелер келіп жалғасып, қаланың көшелер жүйесін құрайтын еді.
Осы тармақталған көшелерге шығатын көптеген тар және қисық тұйық көшелер көптеген көше жүйесін құраған. Цитадель екінші қорғаныс қамалының ішінде болды. Бұлар қаланың солтүстік және шығыс бөліктерінде Қошқарата өзені арнасының бойымен өтетін.
Ортағасырлық Шымкенттің шахристанында бір және екі қабатты саманнан тұрғызылған каркас үйлер болса, рабад бөлігінде киіз үйлер, саз балшықтан соғылған егіншілер мен қолөнершілердің үйлері тұрғызылған еді. Қаланың орталығы, әсіресе базар алаңының ішкі аймағы түгелдей дерлік екі қабатты үйлерге толы болғанын атап айту керек. Мұнда үйдің бірінші қабаттарына әдетте сауда және шеберханалар орналасты, ал екінші қабаттары түрғын үйлер болды. Базар алаңының біраз солтүстік жағын ала жұма мешітінің ескі үйлері тұрды, мұның орнына XIX ғасырдың аяғында қазіргі жаңа мешіт салынды. Шымкенттің өлкедегі орталық ретіндегі рөлінің жоғарылауы туралы К.А. Пищулина «Присырдарьинские города и их значение в истории Казахских ханств в ХV- ХVIII вв.» атты мақаласында 1969 жылы «Постепенно роль экономического и административного центра Сайрамского района перешла в середине ХVIII века к соседнему Чимкенту, который до этого был одним из многочисленных селений, окруживших Сайрам», — деп жазады.
Ал 1886 жылы бұл жерге келген П.И.Пашино Шымкентті баққа бөленген қала деп атайды. Бірақ, қалада көк-жасыл ағаштарды орналастырудың ерекшелігі мынада: саз балшықты дуалдар қоршаған аулалардың ішінде көк-жасыл ағаштар болды, ал көшелерде жалғыз-жарым қара ағаштар мен тұт ағаштары өсті. Қоғамдық бақтар мен скверлер мүлде болмады. Қала территориясын суаруға арналған арықтардың жүйесі қаланы олай да, бұлай да әртүрлі бағытта кесіп өтетін. Қаланың көптеген көшелерінде төсеніш болмады. Қам жолдың кейбіреулеріне күйдірілген кірпіш төселетін еді. XIX ғасырдың 60 жылдарының аяғында орнаған жаңа қала дейтін қала Шымкент маңының солтүстік-шығысына орналасты. Мұның ескі қаладан айырмашылығы, ол жоспармен салынды және көшелері түзу кең болған еді. Көшелердің екі жағына көк-жасыл ағаштар егіліп, арықтар қазылған. Қазіргі Тәукехан (бұрынғы Сталин) атындағы және қазіргі Қазыбек би (бұрынғы Совет) көшелері жоспар композициясының негізгі тіректері болды, бұлардың түйіскен жерінде тас шіркеуі бар қоғамдық бақ орналасты. Қаланың жаңа бөлігінің дұрыс жоспарлануы ескі қаланың жоспарлануымен жақсы байланыстырылмады. Базар алаңына алып баратын тек бір ғана көше, бұрынғы Совет көшесі болатын. Қаланың осы жаңа бөлігі де усадьбалары көп және негізгі фасадтары көше жаққа қараған бір қабатты үйлерден салынған. Бұл үйлердің көпшілігі шикі кірпіштен қаланды және екі жаққа еңіс саман және темір шатырлармен жабылған. Фасадтары сыланып, әкпен ағартылды. Осы жаңа қала деп аталғандар XIX ғасырдың 60 жылдарында Жамбылда, Түркістанда, Ақмешітте және басқа сипаттағы қоныстары бар тұрақтарда көріне бастады. Бұлар жасалған жоспар бойынша салынды және ескі қалаларға қарағанда айрықша жағдайда болды. Бұлардың жоспарлап ұйымдастырылуында Ресейдің қала салу тәжірибесі мен жергілікті дәстүрді шебер пайдалану байқалатындығын ерекше атап өткен жөн екендігі туралы толымды ғылыми уәжді атақты археолог Әлкей Марғұланның 1950 жылы жарық көрген «Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана» атты еңбегінен таныса аламыз. Егер ел қоныстаған тұрақтардың ретті жоспарын жасау және оларды жұртшылыққа арнап ағаш егіп, көгерту орыс қала құрылысының тәжірибесін пайдалану болып келсе, ал көше бойларына арық жүйелерін қазып, ағаш отырғызып қалаға өзіне тән көрік, тұлға беру Орта Азия халықтарының қала салу дәстүрін тиімді пайдалану болып табылды. Осы тіршілікке қажетті құрылыс ісінің жергілікті тәсілдері мен орыс халқының қала салу мәдениетін тиімді ұштастырудан сол кездегі Қазақстанда қала салудың прогресшіл сипаттарының бірін көруге болады. Орыс жиһанкезі Ф.Назаров Созақ қаласынан Шымкент қаласына қарай жүрген жолында маңайында салынған егістігі және киіз үйлері тұрған қазақтардың бекіністі жайларын талай жерден көргенін хабар етеді.
ХІХ ғасырда қала тұрғындары Бадам және Қошқарата өзендерінің суын ауыз су ретінде пайдаланған. Бұл үшін өзеннен арықтар қазылып әрбір көше мен үйдің тұсына келетін жүйе жасалған. Бадамнан сондай-ақ, кәріз құбырлары да шығарылып, олар арқылы қала бекінісінің ішіне су тартылып беріліп отырылған. Нақ осы кәріз құбырларына өрмелеген Черняевтің әскері қоқандық қала-бекініс Шымкенттің ішіне кіруге мүмкіндік алғаны да белгілі. Осы жүйені кейін орыстар да пайдаланған және қаланың ирригациялық жүйесін жаңғыртып отыру мақсатында қала қазынасынан жыл сайын 2500-3000 рубль қаражат бөлініп отырылған. Бұл турасында Өзбекстан Республикасының мемлекеттік архивінің №1 қорының №70-ші іс-қағазынан табылған «Об устройстве в Чимкентской крепости машинного водопровода» атты құжаттан белгілі болды.
Қала бекінісінің ішіне құбырлар арқылы енгізілетін ауыз су және суармалы егіншілікке пайдаланылатын су арнайы ирригациялық жүйе арқылы жеткізіліп отырылған. Қаладан алыстау жерде бастау алатын су көздері қала шетіне келгенде екі бөлімге бөлінген. Оның біріншісіне Бадам, Доңызлау, Леңгір, Тоғыс, Қошқарата өзендеріне барып құятын арықтар жүйесі кірсе, екінші бөліміне бастауын Сайрамсу, Қасқасу, Жаңғақты өзендерінен алатын арықтар кіргендігін сол заманның белгілі су маманы Н.Дингельштедттің Санкт-Петербург қаласының «Жол қатынасы министрлігінің баспаханасынан» басып шығарған «Опыт изучения ирригации Туркестанского края. Сыр-Дарьинская область» атты еңбегінен біле аламыз.
Жалпы алғанда, орталық қаламен қосып алғанда Шымкент уезінде жалпы ұзындығы 5484 верст болатын 1506 арық қазылып, егіншілік пен ауыз суды қамтамасыз еткен. Ол турасында ізденуші Ташкент қаласынан жыл сайын басып шығарылып отырылатын «Обзор Туркестанской области» атты есептік жинақтар материалдары арқылы танысуға алады.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қала көшелеріне тас төсеу, оларды абаттандыру жұмысы өте-мөте баяу жүргізілген. Себебі, қаланың бос жатқан жерлеріндегі шым топыраққа шыққан көк шөп жаяу жүргіншілердің жүруіне өте жұмсақ, әрі ыңғайлы болған. Бірақ, қалаға топталып, топырлап енген отаршыл орыс әскері мен жергілікті жер ерекшелігімен онша таныс емес, саны көп қоныстанушылар осы шымды таптап, қара топырақ қабатын жойып жіберіп отырған. Осыдан соң оның астындағы ғылыми тілмен айтқанда «лесс» деп аталатын, құрғақ кезде шаңданып кететін сары лай-топырақтың беті жалаңаштанып кетіп отырған. Бұл әрине, жаздыкүні қала тұрғындарының шаң-топырақ астында қалуына, ал, көктем мен күзде қала көшелері лай-батпаққа айналып, көшедегі қозғалысқа үлкен кедергі мен қолайсыздық туындатып отырған. Ресейден көшіп келген отаршылдар санының көбеюіне байланысты жердің адамдардың аяғынан тозуы, шаң-тозаңның көбеюі осы мәселенің шешімін табуға мәжбүрлеген. Оның шешімі, әрине, адам көп жүретін жерде Еуропадағыдай жолдарды салу болатын. Дегенммен, Шымкентте күйген кірпіштен төселген жаяу жүргіншілердің жолы тек ХХ ғасырдың басында ғана салына бастаған. Ол туралы Өзбекстан Республикасының Орталық архивінің №188 іс-қағазында сақталынып келген «О шоссировании улиц в Чимкенте» деген арнайы құжат та қабылданған.
Қаланы сол заманғы абаттандырудың бір түрі көшелерге жарық шамдарын орнату болса – керосин лампылармен жарықтандыру ісі ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап жолға қойыла бастаған. Олардың өздерінің «керосинно-кадильный» және «фонарь-коптилка» деген түрлері болған.
Шымкент қаласының дамуының жаңа заманға қадам басқан кезінде үш демалыс бауы жасалған. Тіпті оған жылына 1100 рубль қаржы бөлініп отырылған. Олардың дербес атаулары да бізге деректер арқылы белгілі: «Черняев бауы», «Городской» және «Соборный» бауы деп аталады. Олардың нақты орналасқан жерінің карталық нұсқасы қалалық музейде немесе қала архивінде сақталмаған. Дегенмен, олар туралы сол көршілес Өзбекстан Республикасының №264-ші іс-қағазында сақтаулы тұрған «Об уступке В. Танторину 110 кв. сажен земли города Чимкента для опрямления улицы» атты дерек мәлімет бере алады.
Қала сол кезеңде өнеркәсіптік кәсіптерді де меңгере бастаған болатын. Оған себеп болған нәрсе – қала гербінде суреті салынған дермене болатын. Дермене жинау өлкені орыс билігінің отарлауы басталған 1860 жылдардың соңынан басталса – дерменені тікелей жиналған жерде өңдей бастау тек 50 жылға тақау уақыт өткеннен соң ғана қолға алынып, завод 1909 жылдың 29 желтоқсанында жұмыс істей бастады және оған биыл 110 жыл толып отыр. Яғни, қаламыздың заманауи өндірістік өнеркәсіптік тарихының өзі екінші ғасырға аяқ басып қалған екен. Бұл завод негізгі капитал айналысы жүз мың рубль болған, толық серіктестік негізінде құрылған «Сантонин» заводы болғандығын Қазақстан Республикасының Орталық архивіндегі №439 қордың №13-ші «Химический сантонинный завод Иванова и Савинкова» атты іс-қағазы толық дәлелдеп бере алады.
Бұл заводтан басқа Шымкент қаласында бірнеше мақта тазалау, мал терісі мен шектерін өңдеу, балауыз шырақтарын жасау заводтары болған. Орыс отаршыл әкімшілігі өз билігін орнатқаннан кейін Шымкент қаласының дәл ортасында орналасқан осы кәсіптік орындарға бірден назар аударып, оларды қала сыртына көшіруге пәрмен береді. Уезд бастығы полковник Шустов 1868 жылдың сәуір айында тері өңдеу зауыттарын қаланың батыс жағына қарай көшіру туралы бұйрық шығарғанын Өзбекстан Республикасының Орталық архивінің №94-ші қорында сақталған «О перенесении кожевенных заводов в Чимкенте» атты құжатынан біле аламыз.
Қаланың абаттандырылуы, оның шығыстық типтен батыстық типке қарай көшуі ХІХ-ХХ ғасырлар бойына жалғаса берді. Бұл туралы қосымша деректер анықталған жағдайда тағы да таныстыратын боламыз.

Г.Жанысбекова,
т.ғ.к., доцент, М.Әуезов
атындағы ОҚУ «Рухани
жаңғыру» жобалық
кеңсесінің басшысы