Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушысы Ғалымжан Әбішев мәлімдеді.
– Елімізде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының (МСАК) жыл сайынғы еркін таңдау бойынша тіркеу кампаниясы басталуда. Оған тұрғындар екі ай ішінде (15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін) тіркеле алады. Дәрігер тіркелген пациенттердің денсаулығын бақылауы үшін емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерде таңдау ұсынылуда. Яғни, емхана дәрігерлері қажет болған жағдайда пациенттердің үйіне бара алады. Бұл, әсіресе, пандемия кезінде өте маңызды, – деді Ғалымжан Мотайұлы.
Брифинг барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалының бөлім басшысы А.Биден тіркелген азаматтарға медициналық көмектің қашан берілетініне тоқталды.
– Кампания кезінде МСАК ұйымына тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым Қормен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Тіркелу науқанының қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар бөлінісінде халықтың бөлінуін ескере отырып, 2021 жылға арналған қаржыландыру жоспарланады. Қор дерекқордың абсолютті дұрыстығына мүдделі. Өйткені әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру төленеді, – деді Ахмет Сисенбайұлы.
Емханаға тіркелу бірнеше жолмен жүзеге асырылады:
1. Электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы жүгінген кезде тіркеу ЭЦҚ болған кезде жүргізіледі. Денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама беріледі.
2. Халықтың жекелеген санаттары тікелей емханаға тіркеле алады. Ол үшін еркін нысандағы өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет.
Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ, қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, колонияларда (өтеу орны бойынша) жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар және сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.
Баспасөз мәжілісінде белгілі болғандай, тіркеу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша Медициналық қызмет көрсетуге үміткер медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі. Тіркелу үшін қолжетімді емханалардың тізімімен Қордың www.fms.kz сайтында «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады.
Айта кетейік, барлық азаматтар – сақтандыру мәртебесіне қарамастан, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы.
Жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет.
Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.
Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығы