«ШЫМКЕНТ – АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаевтың басшылығымен бейнебайланыс арқылы жиын өтті. Жиын барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің атқарылған жұмыстары туралы баяндады.

Шыңғыс Жұмабекұлының мәлімдеуінше, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі 2018 жылғы желтоқсанда құрылған. Жобалық кеңсенің атқарылған жұмысы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен әкімдік отырысында апта сайын қаралады.

Президенттің Жолдауда берген тапсырмалары мен алға қойылған міндеттерін орындау, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету және мемлекеттік қызметтер көрсету, білім беру, денсаулық сақтау және т.б. салалар бойынша Жобалық кеңсе тарапынан көптеген маңызды жобалар мен бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Осы жобалар мен бастамалар Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұсынымы бойынша енгізілген.

– Шымкент қаласында 214 мемлекеттік мекеме Open Space форматына өтті. Оның ішінде 184-і жергілікті атқарушы органдар және бағынысты мекемелерге тиесілі. Жоғарыда аталған мемлекеттік мекемелерден бөлек, Шымкент қаласы әкімдігі мен аудан әкімдіктері «Ашық әкімдік» жобасы форматына толығымен көшіп, жұмыс атқаруда. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша, 2019 жылы 181 қызмет түрі көрсетілсе, 2020 жылы халыққа ыңғайлы болуы үшін бірқатар қызметтер оңтайландырылып, қызметтер саны 160 болып бекітілді. Бұл ретте өткен жылмен салыстырғанда қызметтерді электронды түрде көрсету 33 пайызға өскен. Сонымен қатар, халықтың тарапынан ең үлкен сұранысқа ие сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру қызметі (АПЗ) автоматтандырылды. 2019 жылы осы қызметті алу үшін 17 жұмыс күні қажет болса, қазіргі кезде азаматтар бұл қызметті 3 жұмыс күні ішінде алуда, — деді Ш. Мұқан.

Сондай-ақ қала әкімінің бірінші орынбасары білім саласындағы оң өзгерістерге де тоқталды.

– Бүгінгі таңда ерекше атап өтетін жағдай, алғаш рет қалада педагогтар мен білім ұйымдарының қызметкерлерін жұмысқа қабылдау бойынша «HR-Process» жүйесі енгізілді. «HR-Process» жүйесінің артықшылығы, осы жүйе арқылы үйден шықпай-ақ, педагогикалық қызметке үміткер адам бос орынға өтініш береді. Арнайы комиссия құрылып, әлеуметтік желіде онлайн трансляция арқылы іріктеуден өтеді. Конкурс нәтижесі мен барлық бос орындар туралы мәліметтер сайтта орналастырылады. Білім саласындағы қызметтерді автоматтандырудағы тағы бір атап өтер жетістік – ол балаларды мектепке қабылдау, тегін тамақпен қамтамасыз ету, өзге мектептерге ауыстыру сияқты жалпы білім беретін мектептерге қатысты барлық қызметтерді көрсететін «САКУРА электрондық мектеп» платформасы енгізілді. Аталған қызметтерден бөлек, қағаз түрінде көрсетіліп келген білім саласының 8 қызмет түрін жыл соңына дейін электрондық форматқа ауыстыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде, — деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Айта кетерлігі, денсаулық сақтау саласы бойынша қазіргі пандемия жағдайына байланысты тұрғындарға қажетті дәрі-дәрмектер мен ауруханалардағы төсек-орындардың тапшылығын және заңсыз бағалардың көтерілуін болдырмау, әлеуметтік желілерге мониторинг жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар, дәрігердің рұқсат қағазынсыз дәрілердің сатылуының алдын алу мақсатында Агенттіктің жанынан жұмысшы топ құрылған. Оның құрамында «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері де бар. Аталған жұмысшы топпен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қала аумағында 41 рейдтік іс-шара ұйымдастырылып, 365 дәріхана мен 36 қоймаға қоғамдық бақылау жүргізілді. Сонымен қатар, 365 дәріханада дәрі-дәрмектердің шекті бағасы көрсетілген QR коды бар афишалар орнатылды.

Онлайн-форматта өткен мәжілісте Ш. Мұқан жобалық кеңсе тарапынан тұрғындармен кері байланысты орнату мақсатында әлеуметтік желілерге мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізілетінін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күресте күш біріктіріп әрекет ету керектігін атап өтті.

– Жыл басынан бері жобалық кеңсеге 860-қа жуық сұрақ келіп түсті. Сұрақтардың басым көпшілігі білім беру мен денсаулық сақтау және коммуналды шаруашылық салаларына қатысты болды. Осыған байланысты, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындар тарапынан түскен көптеген мәселелер өз шешімін табуда. Сонымен қатар, тұрғындармен тиімді кері байланыс орнату үшін жобалық кеңсенің WhatsApp желісі іске қосылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағыты бойынша мемлекеттік мекеме басшыларының арасында ашықтық қағидасын қалыптастыру мақсатында «Жемқорлық бізге жат» акциясы ұйымдастырылды. Қазіргі таңда 12 мемлекеттік мекеме басшысы өз айлық жалақыларын жариялап, арнайы бейнеролик дайындалды. Сондай-ақ «Шымкент – адалдық алаңы» телевизиялық бағдарламасының 7 қойылымы түсірілді. Қала тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру үшін «Адалдық, әділдік және парасаттылық» тақырыбы аясында шығармашылық конкурс өткізіліп, сауалнама ұйымдастырылды. Жалпы алғанда, Шымкент қаласында жұртшылық адалдық үшін күнделікті күресіп жүр және ол жалғаса бермек, — деп сөзін түйіндеді Ш. Мұқан.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы