«ШЫМКЕНТ – АДАЛДЫҚ АЛАҢЫ» ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСЫ САРАЛАНДЫ

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаевтың басшылығымен бейнебайланыс арқылы жиын өтті.

Жиын барысында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің атқарылған жұмыстары туралы баяндады.

Шыңғыс Жұмабекұлының мәлімдеуінше, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсенің атқарылған жұмысы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен әкімдік отырысында апта сайын қаралады.

Президенттің Жолдауда берген тапсырмалары мен алға қойылған міндеттерін орындау, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету және мемлекеттік қызметтер көрсету, білім беру, денсаулық сақтау және т.б. салалар бойынша Жобалық кеңсе тарапынан көптеген маңызды жобалар мен бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда.

Осы жобалар мен бастамалар Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұсынымы бойынша енгізілген.

Шымкент қаласында 214 мемлекеттік мекеме Open Space форматына өтті. Оның ішінде 184-і жергілікті атқарушы органдар және бағынысты мекемелерге тиесілі.

Жоғарыда аталған мемлекеттік мекемелерден бөлек, Шымкент қаласы әкімдігі мен аудан әкімдіктері «Ашық әкімдік» жобасы форматына толығымен көшіп, жұмыс атқаруда. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша, 2019 жылы 181 қызмет түрі көрсетілсе, 2020 жылы халыққа ыңғайлы болуы үшін бірқатар қызметтер оңтайландырылып, қызметтер саны 160 болып бекітілді. Бұл ретте өткен жылмен салыстырғанда қызметтерді электронды түрде көрсету 33 пайызға өскен. Сонымен қатар, халықтың тарапынан ең үлкен сұранысқа ие сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру қызметі (АПЗ) автоматтандырылды. 2019 жылы осы қызметті алу үшін 17 жұмыс күні қажет болса, қазіргі кезде азаматтар бұл қызметті 3 жұмыс күні ішінде алуда, — деді Ш. Мұқан.