Терроризм актісінің жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін уәкілетті орган белгіленген тәртіппен сыйақы төлейді

Терроризм актісін болғызбауға немесе оның жолын кесуге көмектескен ақпарат үшін терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті үйлестіру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен сыйақы белгілейді және төлейді.

Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 9-бабында көрсетілген.

Дайындалып жатқан немесе жасалған терроризм актілері туралы ақпаратты мемлекеттік органдарға беру азаматтық борышты орындау болып бағаланады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен ұйымдарының лауазымды адамдары терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жәрдемдесуге және қажетті көмек көрсетуге міндетті болып табылады.

Қазақстан Республикасының азаматтары дайындалып жатқан немесе жасалған терроризм актісі туралы мәліметтерді терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға дереу хабарлауға міндеттілігі заңда қарастырылған.