ШЫМКЕНТТЕ 82 434 ОҚУШЫ МЕКТЕП ЖАНЫНАН АШЫЛҒАН СПОРТ ҮЙІРМЕСІНЕ ҚАТЫСАДЫ

Шымкент қаласында кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру арқылы қылмыс азайған. 2019 жылдың 9 айында кәмелетке толмағандар арасында 61 заң бұзушылық тіркелсе, биыл 47 оқиға орын алып, өткен жылмен салыстырғанда 27% төмендеген.

Бұл туралы қалалық білім басқармасының өкілі Ұлжалғас Саурбаева баспасөз брифингте мәлімдеді.

–Қылмыс жасаған оқушыларға мектеп әкімшілігі арнайы тәлімгер бекітіліп, бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін үйірмелер мен спорттық секцияларға жұмылдырып отырмыз. Ата –аналарымен жеке әңгімелесіп, қатаң бақылауға алынған, — деді ол.

Білім басқармасы өкілінің сөзінше қаладағы 9 қосымша білім беру мекемесінде 20 061 оқушы әр түрлі бағыттағы қосымша білімін жетілдіруде. Ал, спорт мектептерінде 15 мыңға жуық оқушы түрлі спорттық секцияларға қатысады.

Сонымен қатар, 82 434 оқушы мектеп жанынан ашылған спорт үйірмелеріне барады.

Айта кетейік, қазіргі таңда қаладағы 178 мектепте 223 777 оқушы, 30 колледжде 27 046 студент білім алады.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі