ШЫМКЕНТТЕ ИНТЕНСИВТІ БАУ КӨЛЕМІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Шымкент қаласының бағбандары бүгінде озық технология тәсілімен егілген қарқынды баудың өнімділігі дәстүрлі тәсілмен егілген баудың өнімділігіне қарағанда 1,5 — 2 есеге артқанына көз жеткізіп келеді. Себебі, Шымкент қаласында соңғы екі жыл көлемінде 135 гектарға қарқынды алма бағы отырғызылған. 

Ал, осы жылы «Д-Сабыр» шаруа қожалығы интенсивті  бау тәсілімен 15 гектар аумаққа алма көшеттерін отырғызды. Бозарық тұрғын алабында орналасқан бау шаруашылығына 100 млн теңге болатын инвестиция салынған. Мұнда алманың «Айдаред», «Ред делишес», «Джонаголд», «Глостер» сынды түрлері егілген. Бау шаруашылығында тұрақты 10 адам жұмыспен қамтылса, маусым уақытысында жұмысшылар саны артатын болады.  Аталған жобаға кеткен шығынның бір бөлігін өтеу бойынша мемлекет тарапынан 25 млн теңге көлемінде субсидия бөлініп, қолдау көрсетілді. 

Бұдан бөлек, қалада осы жылы озық технологияны қолдана отырып өнеркәсіптік үлгідегі көлемі 5,7 гектар болатын екі жылыжай кешені іске қосылды.  

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі