ШЫМКЕНТТЕ АТМОСФЕРАНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН БАҚЫЛАУ МАҚСАТЫНДА LED-ЭКРАНДАР ОРНАТЫЛМАҚ

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі көгалдандыру ауқымын кеңейту, экологиялық ахуалды жақсарту, саябақтар мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық жəне нормативтік тұрғыдан қорғау жөнінде бірқатар тапсырма берді. Осы бойынша атқарылған жұмыстар төңірегінде Шымкент қалалық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ахмет Татыбаевтың қатысуымен тікелей эфирде сұхбат өтті.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау мақсатында бүгінде Шымкент қаласындағы атмосфералық ауа ластануының жай-күйін толық бақылау үшін 2 дана LED-экранды орнатуға жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, алдағы уақытта улы заттар бөлетін орталарда мониторинг жасайтын 26 құрылғы орнатылады. Одан бөлек, қала әкімінің тапсырмасына орай жасыл белдеу қалыптастыру бағытында 21 544 гектар жерге географиялық орналасуына байланысты түрлі ағаштар егіледі, – деді Ахмет Өтегенұлы.

Спикердің сөзінше, қала басшысы Мұрат Әйтеновтің қаулысы негізінде жаңа жылдан бастап басқармаға қосымша міндеттер жүктеледі. Атап айтқанда, қаладағы саябақтар, гүлзарларды көгалдандыру мен су ресурстары (су қоймалары) бойынша атқарылатын жұмыстар толығымен табиғи ресурстар және табиғатты қорғау басқармасына өтпек.

Айта кетейік, басқармаға жыл басынан бері жоғарғы органдардан, жеке және заңды тұлғалар тарапынан 2 551 хат түскен. Оның 2 541-іне нақты жауап берілген.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы