«КӨКБҰЛАҚ» ТҰРҒЫН АЛАБЫ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов «Көкбұлақ» тұрғын алабына барып, тұрғындармен инфрақұрылым және интернет мәселесі жөнінде кездесті.

Кездесуге цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов пен энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жаманкөз де қатысты.

Тұрғын алабтың сапалы ауыз сумен қамтуы туралы Нұрлан Жаманкөз баяндады. Оның сөзінше жыл соңына дейін ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталып, құбыр тарту үшін қазылған жерлер толықтай мердігер мекеме тарапынан қайта қалпына келтіріледі.

Ал, цифрландыру басқармасының басшысы таяуда осы аумаққа базалық станция орнатылып, жыл соңына дейін интернет желісіне қосылатынын мәлімдеді.

Кездесу соңында аудан жетекшісі тұрғындардың талап-тілегін тыңдауға және оның орындалуын қамтамасыз етуге әрқашан дайын екенін жеткізді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі