Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері талқыланды

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мәселелері бойынша кеңес өткізді – деп хабарлайды агенттіктің  баспасөз қызметі.

Кеңес жұмысына орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары, әкімдіктердің өкілдері және Әдеп жөніндегі уәкілдері қатысты.

Кеңес барысында агенттік төрағасы жобалық кеңселер бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жеделдетуге, open space және фронт кеңселерін енгізу арқылы мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсетудің сервистік моделіне көшуіне азаматтық қоғамның кеңінен қатысуымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың генераторы болуы тиіс деп тапсырма берді.

Кеңес соңында қатысушыларды тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бойынша әзірленіп жатқан жол картасына ұсыныстар енгізуге шақырды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдамағаны үшін жауапкершілік туралы ескертілді.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты азайту бойынша лайықты бастамалары жоқ басшылар туралы агенттікке баяндауды тапсырған болатын.