Сәләфи ағымының қалыптасқан құндылықтарға қарама-қайшылығы және келтіретін зардаптары

Бір қарағанда ешкімге зияны жоқ сияқты көрінген сәләфиттік бағытты ұстанушылардың қоғамда қалыптасқан құндылықтарға тигізер теріс әсерлері өте көп. Еліміз зайырлы ұстанымды ту еткендіктен ешбір азаматтың діни сеніміне қол сұғушылыққа жол берілмейтіндігі рас. Алайда, халықтың қалыптасқан сеніміне, әдет-ғұрпына, бірлік-ынтымағына, береке-бірлігіне сызат түсіріп, қарулы қақтығыстардан бөлек ұлттық және діни алауыздыққа шақырушы діндерге біздің қоғамда орын жоқ. Міне сондай ағымдардың бірі – сәләфилік. 

Сәләфилік бағытты ұстанушы азаматтар өзгенің сеніміне құрметпен қарау, жергілікті халықтың әдет-ғұрпын сыйлау, елдің Конституциясы мен заңдарын елемеу секілді қателіктерімен қатар, адам баласын тұлға ретінде қалыптастыратын зайырлы білім алуды жоққа шығару, отбасы құндылықтарын аяқасты етумен де ерекшеленеді. Мысалыға өздері секілді киініп, сақал қоймаған, діни ғибадаттарды, намазды өздері секілді оқымағандарды, тіпті ол өзінің туған ата-анасы, бауыры болса да одан теріс айналып кетуден танбайды. Тіпті өз нәпсілеріне еріп ақ адал некені де ойыншықа айналдырып, бүгін жасырын некемен алған қыздарды ертесі күні ешбір себепсіз талақ етіп тастап, әйелдерді жесір қылумен қатар, балаларды тірі жетім етіп өсіруде. Ең сорақысы бұл азаматтар мұндай істердің барлығына да мемлекет пен қалыптасқан жүйені кінәләп, біз секілді «таухид» ұстанатындар аз болғандықтан амалсыз осындай шараға барып отырмыз деп өз айыптарын өзгеге аударуға тырысып бағуда. 

Сәләфилік ағымды жақтаушылардың қоғамға қауіпті болуының ең бір басты себептерінің бірі білімге қарсы шығуы. Өзінің ғана адасып кеткенімен қоймай, өзгені де сол тұңғиыққа тартумен әлек. Тіпті мектеп жасындағы балаларына зайырлы білім алуына қарсылық танытып, түрлі сылтау-себептер іздеп мектеп бағдарламасын орындаудан бас тартып жататын жағдайлары да жоқ емес. 

Адамзат баласы бүгін қандай ғылымға қол жеткізген болса Жаратушының берген ақыл, білім, ғылым, іздену нығметтері арқылы қауышты. Адам баласы саналы болып дүнеге келгеннен кейін өзін қоршаған айналамен танысуының өзі бір білім

Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің сөзінде: «Ислам біз үшін дін ғана емес, ол біздің мәдениетіміз» — деп атап кеткен болатын. Қаншама ғасырлардан бері Ұлы Даламыздан көптеген ғалымдар, данышпан тұлғалар шыққанын ұмытпайық. 

«Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттермен озады » деген ұлы ақын һәкім Абай өзі діни білім алып, білім-ғылым нәрімен сусындаған. Адам баласының жасаған тағат-ғибадаты өзі үшін. Оны ешбір жанға көз қылып мақтану мен міндет етудің қажеті жоқ. Ал ғылым-білім адамзат баласының жүрегіндегі сеніміне қарамай ортақ екендігін түсініп жетуіміз қажет. 

Озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосады. Жан-жақты терең білім беру мақсатында көптеген технологиялар ұсынылуда. Кез-келген пайдалы білім белгілі мөлшерде адамды дамытады. Қазіргідей әлемде індет тарап тұрған шақта адам баласының білімі мен технологиясынан артық әлемге тигізер үлесі жоқ екендігі анық болуда. Бүгінгідей елде төтенше жағдай жарияланып, пандемия іргемізге келіп тұрған шақта дінді желеу ертіп тартысатын, біреуді ғибадаты үшін айптайтын уақыт емес. Керісінше өзімізбен қатар балаларымызды да білім-ғылымға ұмтылдырсақ нұр үстіне нұр болары ақиқат. 

Қорытындылап айтар ойымыз ешбір адамды сенімі мен ұлтына қарай алалау бұл нағыз білімсіздіктің белгісі. Ал, бейбітшілік діні болған ислам бұған әсте жол бермейді ағайын. Сондықтан дінді желеу, білімсіздігімізді сылтау етіп, қоғамда бүлік тудырғаннан көрі, осынау Ұлы Даламызды гүлдендірер, бірлікке шақырар игі іске бастамашы болайық!

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Исмайл Абулхайров