Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында дәстүрлі емес ислам дінін жамылып жүрген діни ағымдардың ең белсендісі – сәләфилік идеологияны ұстанған топтар. Қазақ жеріне сәләфилік идеология, көбіне кезінде Сауд Арабиясы және Египет жерлерінен білім алған азаматтардың дәстүрлі емес бағыттағы көзқарастары арқылы тарады десек те болады. Бұған себеп өткен ғасырдың 90-жылдарында қазақстандықтар үшін осы Араб елдерінде діни білім алуға мүмкіншіліктің болуы.
Сәләфилік топтың мүшелері бүгінгі таңда қазақтың зайырлы қоғамынан оқшауланып, айналасындағылардан «бөлек» өмір сүруге тырысады. Сәләфилік топтардың қоғамнан оқшауланып өмір сүруіне олардың бұрмаланған діни көзқарастары себепші болып отыр. Яғни қатаң шариғатпен өмір сүру. Кез келген заманауи күнделікті істеліп жүрген істерге (бидғат) дінге әкелінген жаңашылдық, (ширк) Аллаға серік қосу, (харам) тыйым салынған іс деп қарау. Олардың бұл көзқарастарының күнделікті қарапайым адамның көзқарасынан мүлдем басқаша екенін аңғартады.
Сәләфилік топтардың мүшелері өзге дінді ұстанатын, өзге діни көзқарастағы азаматтарды күпірлікпен, ал исламның дәстүрлі бағытын ұстанатын мұсылмандарды мүлдем адасқан деп айыптайды. Сонымен қоса діни негіздерді бұрмалап, отбасылық институтты бұзу, еліміздегі өзге де өркениет және мәдениет мұраларына төзімсіздік таныту оларға тән нәрсе.
Бұл идеологияны ұстанушылар зайырлы азаматтық қоғамды, еліміздің зайырлы формасын мойындамайды. Сәләфилер үшін мемлекет шариғат арқылы басқарылатын формада болуы қажет, ал зайырлы формадағы мемлекет, олар үшін «тағұт» (пұтқа табынушылар) мемлекеті, ал мемлекеттік қызметтегілер олар үшін «тағұттың әскерлері». Осыны себепші еткен салафилік көзқарастағы көптеген азаматтар тарапынан зайырлы білім алудан, зайырлы мамандық меңгеруден, мемлекеттік жұмыстардан, тіпті адам өмірі үшін маңызды дәрігерлік жәрдемнен, оның ішінде атап айтатын болсақ екпе салу секілді медициналық қызметтерден бас тарту фактілері орын алып отыр.
Онымен қоса азаматтарымыздың басты конституциялық құқықтары мен бостандығына нұқсан келтіруде. Бұл жағдай қоғамда орын алған заңсыз некелеп алу және ажырасу (неке-талақ), әйелдер мен бала-шағаның қамқорлықсыз және баспанасыз қалуы,еліміздегі отбасы институтына улкен залалын тигізуде. Сәләфилік топтардың ықпалына түскен адамдар үшін отбасын асырау, бала-шағасынан қамқор болу, отбасына жауапкершілікпен қарау жоққа тән. Оған зайырлы және дәстүрлі діни-рухани құндылықтарды сынға алып жүрген, қоғамнан оқшауланған, сәләфилік идеологияда жүрген адамдардың діни ұстанымдарының негізінде ата-анасымен, отбасымен, туыстық қарым-қатынастарын бұзу оқиғалары мысал болып отыр.
Сәләфилік топтардың мүшелері тек күнделікті тіршілікте ғана көпшіліктен оқшауланып қоймай тіпті ғибадат орындарында да ерекшеленіп көзге түсіп отырады. Мешіттерде имамды тыңдамау, намаз оқығанда жамағатпен бірдей оқымау, жамағаттың оқып жатқан намаздарына кедергі келтіру фактілері жиі орын алуда. Мұның себебі өзін «тура жолдамыз» деп санайтын сәләфилердің діннің ішкі мәнін түсінбеуі, дәстүрлі діни қағидалар мен шынайы шариғат шарттарын сақтамауы болып отыр.
Мұндай бұрмаланған діни көзқарастағы азаматтар, тек оқшауланумен шектеліп қоймай, белсенді түрде көзқарасы толығымен қалыптаса қоймаған жастардын санасын улап, өз қатарларына тартуда. Жұмыссыз жүрген жастарды қаржылай көмек беру арқылы ынталандыру, психологиялық түрде колдау білдіру арқылы теріс ортаға бейімдеп, онымен қоса ғаламтор желілері арқылы теріс діни ақпараттар тарату арқылы өздерінің санын көбейтуге тырысып отыр. Елдің басқару формасын мойындамау, қоғам арасына іріткі салу, ұлттық құндылықтарды дәріптемеу — сәләфилік идеологияның шынайы бет бейнесі мен мақсаттарын айқын көрсетеді. Сәләфилік идеологияның көздегені ол дін атын жамылып, қоғамда бүлік шығарып, елдің ішкі тұтастығын бұзу.
Сәләфиік идеология біздің қоғам үшін жат ағым. Қазақ халқы үшін ата- анасын құрметтемеу, басшыға қарсы шығу, біреуді кәпір деп айыптау мүлдем жат нәрсе. Бұл идеологияға қарсы тұру үшін ішкі сүзгі мен діни таным қалыптастыру қажет. Дәстүрімізді және тарихымызды жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Ата бабамыз ұстанған жолды ұстанып, ұлы ойшылдарымыз қалдырған мұраларын жандандырсақ, халқымыздың болашағы зор болмақ.Сол себепті бұл мәселелерге көңіл бөлу әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,
дінтанушы Нұржан Кендебай haqjoly.kz