Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындылары бойынша өңірлермен алқа отырысы өтті — деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.
Алқа жұмысында төрағаның бірінші орынбасары О.Бектенов тіркелген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының 10%-ға төмендегендігін, бұл агенттіктің алдын-алу және ағарту жұмыстарының нәтижесінде екендігін атап өтті. Сонымен қоса, есептік кезеңде аса ауыр қылмысты анықтау және жолын кесу 3 есеге, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау және жолын кесу 10%-ға артқан.
Сыбайлас жемқорлықпен әшкереленген тұлғалар саны артты, әр бесінші – мемлекеттік органның немесе ұйымның басшысы. Жалпы, 28 — республикалық, 65 – облыстық, 72 – қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Өтелген залал сомасы 33,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың көрсеткіштерінен біршама асып түсті. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жүргізілетін сатып алу мониторингі нәтижелері бойынша 6 млрд-қа жуық бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың жолы кесілді.
Жүйелі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу 30%-ға, бизнестің ісіне заңсыз араласуды тіркеу 20%-ға артқан.
Төтенше жағдай мен карантин режимін бұзумен байланысты 81 қылмыс тіркелген, бұл көбіне тосқауыл бекеттер арқылы заңсыз өткізу және карантиндік шараларды бұзуда жауапкершілікке тартпау үшін пара алу фактілері болды. 10 млн-ға жуық медициналық бетперде, бірқатар тапшы дәрі-дәрмектер (Ингавирин, Азитромицин, Цефтриаксон, Меропенем және т.б.) заңсыз айналымнан алынып, денсаулық сақтау ұйымдарына берілді, гуманитарлық көмекті тарату сүйемелденіп, 100 өкпені жасанды желдету аппаратын жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеге қымбатқа алу фактілері анықталған.
Арнайы мониторинг тобы, Ақпараттық-ағарту штабы, «Adaldyq Alany» жобалық кеңселері, «Adal kómek» сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға ерекше үлес қосуда. Бұл бірлестіктердің күш-жігері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және парасаттылық мәдениетін насихаттау тұрғысында қоғамдық бақылау құралдарын нақты іске асыруға бағытталған.
Жартыжылдықтың қорытындылары бойынша белсенді жұмыстары үшін 40 қоғам белсендісі Агенттік Төрағасының алғыс хаттарымен және ведомстволық наградалармен марапатталды.