Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарға сыйақы беріледі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаменті сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын-алу бойынша жұмысты онлайн форатта «ANTIKOR.LIVE» жобасы аясында жүргізуде.

Аталған жоба аясында департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу» тақырыбында сұхбат берген болатын.

2019 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен 14 адам 2 млн.137 мыңнан астам теңге сыйақыға көтермеленіп, олардың өтініштері бойынша сыбайлас құқық бұзушылыққтың жолы кесілгенін атап айтты. Биыл жыл басынан бері 5 адам 1 млн. теңгеге жуық көтермеленген.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 ақпандағы «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу қағидаларын бекіту туралы» №32 қаулысына сәйкес параның немесе келтірілген залалдың сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) аспайтын немесе залалы жоқ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы мынадай мөлшерде белгіленген: сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша – 30 АЕК, онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 40 АЕК, ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 50 АЕК, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 70 АЕК, аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша – 100 АЕК.

Пара немесе келтірілген залал сомасы немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер құны бір мың АЕК асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара немесе келтірілген залал немесе ұсынылған жеңілдіктер немесе көрсетілген қызметтер сомасының он пайызын құрайды, бірақ төрт мың АЕК-тен аспайды.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев мұның бәрі шындыққа сәйкес болған жағдайда және айыпты адамға соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін пара және залал соммасынан 10 пайызын ала-алатындығын, бірақ бұл көрсеткіш 4 мың  (АЕК) айлық есептік көрсеткіштен аспайтындығын түсіндірді. Мысалы берілген ақпараттың қаржысы 50 млн. теңгені құрайтын болса 5 млн. теңге сыйақы алуға мүмкіндігі бар, ал 150 млн. теңгені құрайтын болса 11 млн. 112 мың теңгеге дейін азамат хабарлағаны үшін сыйақы ала-алады.

Сонымен қатар, сөз соңында департамент басшысының бірінші орынбасары сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез-келген азамат тәулік бойы жұмыс жасайтын 1424 Call-центрі арқылы кеңес ала-алатындығын және бопсалау бойынша ақпараттарды хабарлай алатындығын жеткізді. Аталған орталыққа қоңырау шалу тегін жүргізіледі.