Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл: Электрондық билетті енгізу 1,5 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бастамашылық еткен «Адал жол» жобасы аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да темір жол тасымалдары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған темір жол билеттерін заңсыз сатып алушыларды жою бойынша жұмыс жүргізілді.

Пойыз билеттерін «алыпсатарларды» заңсыз табыс көзінен айыру – жобаның негізгі мақсаты мен міндеті.

Бүгінгі таңда көптеген бизнес-үдерістер өзгертіліп, билеттерді сатып алу/сату бағдарламасы жаңартылды. Осылайша, жаңа бағдарламада жосықсыз пайдаланушыларды бұғаттау тетіктері көзделген және электрондық «күту парағы» немесе электрондық кезек енгізілген.

Жаңашылдықтар бұрын оңай қолдан жасалатын қағаз билеттерден алшақтап, азаматтар басып шығармай-ақ мобильді құрылғыларда көрсете алатын электронды билеттерге көшуге мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, қымбат бланкілер мен жабдықтардан бас тарту 1,5 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Қабылданған шаралар алыпсатарлар мәселесін жоюға және темір жол билеттерінің жасанды тапшылығын ішінара шешуге мүмкіндік берді.

«Адал жол» жобасы аясында ағымдағы жылдың соңына қарай Digital ID технологиясы негізінде жолаушылардың жеке басын биометриялық сәйкестендіру жүйесін сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Жолаушылардың барлық деректері цифрландырылып, сәйкестендіру адамның әсерінсіз арнайы құрылғылармен жүргізілетін болады.

Адам факторын жоятын осындай технологиялар Қытай, Сингапур, Малайзия, Гонконг және Ұлыбритания елдерінде табысты іске асырылуда.

Қазіргі уақытта «Адал жол» жобалық кеңсесі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ орталық аппараты мен еншілес компанияларының қызметіндегі жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізуде. Азаматтар жемқорлық тәуекелдерін азайту және теміржол жолаушылары мен жүк тасымалы саласын жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын adalzhol@bk.ru электрондық пошта мекенжайына немесе 8 702 447 74 02 нөміріне жібере алады.

https://www.gov.kz/