Сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою бойынша көрсетілген міндетті іске асыру екі алдын алу құралы арқылы жүзеге асырылады: сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау.
Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласы сыбайлас жемқорлыққа бейім болғандықтан жүйелі мониторингке жатады.
Бағаны асыра көрсету, бір көзден сатып алу, үлестес жеткізушілер бұрынғысынша тәуекелдің дәстүрлі факторлары ретінде қалып отыр.
Біздің заңнамада бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және (немесе) тиімсіз пайдалану үшін жауапкершілік көзделген (ӘҚБтК 234-1-бабы, БК 104-1-бабы). Бұл ретте сатып алу сапасы мен тапсырыс берушінің қажеттілігіне сәйкес келмейтін жоғары баға жазалауға негіз болмайды.
Бұл фактор Қаржы министрлігі әзірлеген тәуекелдерді басқару жүйесіне де жатпайды (Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 597 бұйрығы).
Демек, уәкілетті орган тарапынан қаржылық бақылау мен мемлекеттік аудиттен тыс қалып отыр. Мұндай құқықтық олқылықтар мен сатып алуға қатысушылардың арсыздығы сыбайлас жемқорлыққа ықпал етеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің сарапшылары қолданатын «Атамекен» ҰКП-ның «Бірыңғай сатып алу терезесі» талдау жүйесі сыбайлас жемқорлықтың ықтималдығы жоғары «тәуекел тобын» қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұдан әрі біздің сарапшылар «қолмен талдау» режимінде ұқсас шарттардың техникалық ерекшеліктерін, ұқсас тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің баға ұсыныстарын салыстырады.
Оның нәтижелері «тәуекел тобындағы» барлық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне жолданады. Сатып алу жоспарының тармақтарын «барабар» бағаға сәйкес қайта қарауға шақырады.
Тапсырыс берушілердің орташа бағадан 460%-ға жоғары бағамен сатып алу фактілері бар. Мысалы, Рудный қаласының әкімдігі 4,9 млн теңгеге спорттық киім сатып алған, бағаны шамадан тыс көтеру 3,8 млн теңгені құрады. Онда тек бір футболканың құны бренд бұйымы секілді 28 мың теңгеден болған.
Мониторинг барысында Шымкент қаласындағы жасыл желектерді күтіп ұстау бойынша Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының сатып алуларына ерекше назар аударылды.
Егер, өткен жылдары аталған шығындар қаланың барлық аумағына, ал бұл 110 нысанға шамамен 900 млн теңгені құраса, биылғы жылы мегаполистің бір көшесі мен үш нысанының (әуежай, ТЖ вокзалы мен Орталық стадион аумағы) өсімдіктерін ұстауға 1 млрд.теңгеден астам қаржы бөлінген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет араласқаннан кейін сатып алу тоқтатылды.
Жалпы, тек осы жылдың ішінде Агенттіктің аумақтық бөлімшелерінің күшімен 4,2 млрд. теңгеден астам сомаға бюджеттің тиімсіз шығынының алдын алынды.
Сатып алу желісі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг бағаның комплаенс құралы ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді