Сыбайлас жемқорлықпен күресудің халықаралық үздік тәжірибелері қаралды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алаңында Төраға Алик Шпекбаев Австрия Республикасының елшісі Герхард Сайлермен кездесті.

Кездесу барысында Елші Сайлер Агенттік Төрағасына нәтижелі екіжақты ынтымақтастық үшін алғысын білдіріп, бизнес-жобалар мен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау желісі бойынша ведомство қызметінің ерекше маңыздылығын атап өтті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қазіргі заманғы құрылымы ең үздік шетелдік модельдер негізінде құрылғандығы да атап өтілді. Атап айтқанда, үлгі ретінде Австрияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы федералды бюросының (BAK) құрылымы қабылданды, оның қызметі алдын алу, ағарту, серіктестік, ынтымақтастық және қылмыстық-құқықтық шаралар бағыттары бойынша құрылған.

Сонымен қатар, 2018 жылы қарашада Қазақстанның қаржылық қолдауымен Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның жемқорлыққа қарсы органдары үшін халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы академия (МАКА, Лаксенбург қ., Австрия) базасында тренинг өткізілгенін атап өтті.

Кездесу соңында төраға дипломатты сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруге қосқан үлесі үшін ведомстволық медальмен марапаттап, жоғарыда аталған бастамалар және австриялық уәкілетті органдармен тығыз ынтымақтастық арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алуда қолдаулар көрсеткенін ерекше айтып өтті.

Тараптар екі елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволары арасында одан әрі үздік тәжірибемен алмасу мен бөлісуге дайын екендіктерін білдірді.