Некесіз туған бала жәннатқа кірмей ме?

Қоғамда жаңа туған он баланың екеуі некесіз немесе қазір жалғыз басты аналардан деген ұғым қалыптасқан. Статистика агенттігінің мәліметіне жүгінсек: соңғы 10 жылда елде туған 3 397 652 сәбидің 682 987-сі некесіз анадан дүниеге келген.

Діни сарапшы Айбек Әбдіқадыр некесіз туылған жетім бала – Алланың құлы дейді. Ол ібілістің әскері де, меншігі де емес. Ол некесіз туған әке-шешесінің күнәсін арқаламайды. Оның болашағы әке-шешесінің күнәсіне емес, көрген тәрбиесіне құрылатынын жеткізеді.

Баланың өзіне келсек, ол өзге адамдар сияқты өзінің істеген іс-әрекеті үшін ғана жауапқа тартылады. Себебі Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әрбіреудің істегені өзіне тән. Біреудің күнәсін екінші біреу көтермейді», – дейді. Егер ол бала зұлымдыққа бейіл болса: «(Алла) Залымдарға күйзелтуші азап даярлады», ал егер иман етіп туралыққа бейіл болса: «Күдіксіз иман келтіріп, түзу іс істегендер, олар үшін нығметі түгесімейтін бақшалар бар». Ендеше баланы әке-шешесінің күнәсі үшін мінеп, өзгенің қатесі үшін баланы айыптау дұрыс іс емес, – дейді Айбек Әбдіқадыр.

Сарапшының айтуынша, кей адамдар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Ойнастықтан болған бала жәннатқа кірмейді» деген хадисі бар деуі мүмкін. Алайда, бұл сөздің Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) еш қатысы жоқ. Имам Мулла Қари да, Имам Ибн Жаузи де бұл сөздің Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атынан айтылған тоқыма хадис екенін баяндаған.

Ал дінтанушы Абдусамат Қасымның айтуынша, «некесіз туылған…» дегенге ұқсас риуаят жоқ емес, бар. Сонымен қатар, некесіз қатынасқа түсудің күнәсі ауыр екендігін ескертеді.

Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ