ИСЛАМ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДЫ ПАРЫЗ САНАЙТЫН ДІН

Ислам – білім алуды парыз деп санайтын дін. Дініміздің осы тұсы исламның хақ екенін дәлелдей түссе керек. Өйткені, дүниеде білім мен ғылымды парыз санайтын исламнан басқа дін жоқ. Демек, білімді тек Ислам діні ғана қажет санап, барша мұсылмандарды ілім алуға үндейді. Пағамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шәріпінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз, – делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат айтылған.

Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырды. «Иқра!» (Оқы!) деп басталған сөз «оқу мен жазуды игер» деген мағынаны береді. Тарихта мұсылмандардың әрбір жас-кәрісі, ер-әйелі білімнің тал бесіктен жер бесікке дейін парыздығын сезінді. Қасиетті Құран мен сүннет тағылымдарына сүйеніп өмір сүрген мұсылмандар білім мен ғылымды негізге алып, ғаламға шуақ нұрын төкті. Нәтижесінде,  ислам дінінің қанаты жеткен өлкелерде ғылым, білім, мәдениет дамып, ғылымның әр саласынан есімі өшпейтіндей танымал ғалым-ғұламалар жетілді.

Исламды білім-ғылым діні емес деп тек дін дұшпандары ғана айтады. Шынында, ислам дін дұшпандары ойлағанындай, ешқашан ғылым-білімге қарсы болмаған. Қайта надандыққа қарсы тұрып, білімді болуға адамзат баласын шақырып келеді. Бүгінгі күні ислам дінінің нағыз ғылымның қайнар бұлағы екенін тек қана надандар жоққа шығарып, мойындамауы мүмкін. Өткені, ислам дінінде, тіпті, дәрет, намаз, ораза, зекет және қажылық секілді құлшылықтарды орындау үшін де оның ғылымын, білімін үйрену талап етілген.

Сондықтан ислам дінінің білімге деген көзқарасын білгісі келген жанның Құран Кәрім мен пайғамбар хадисі арқылы оқып-білуіне болады. Құран Кәрім мен хадис шәріптерде білімнің артықшылығы мен қадір-қасиеті жайында мысалдар көп.

Білім мен ғалымның қадір-қасиеті туралы Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма». Байқасаңыз, осы аятта Алла Тағала сұрақ қою арқылы білімнің қадіріне меңзеп, білімді мен білімсізді салыстыруға шақыруда. Әрине, білімділер мен білімсіздер тең бола алмайтыны айдай анық. Білімді әрқашан жоғары, артық, білімсіз – төмен әрі кемшін.

Енді білімнің маңыздылығы туралы хадистерден де сөз қозғай кетейік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан хадис шәріпте былай дейді: «Кімде-кім білім іздену жолына түссе, онда Алла оған жәннатқа апарар жолды жеңілдетеді. Шынында, періштелер міндетті түрде білім ізденушіге разы болғанын білдіріп, қанаттарын жаяды. Шын мәнінде, ғалым үшін міндетті түрде аспандағы әрі жердегі бүкіл нәрсе, тіпті судағы балық та, Алладан оның күнәларының кешірілуін тілейді! Ал, ғалымның қарапайым құлшылық етушіден артықшылығына келер болсақ, оның артықшылығы – аспандағы толық айдың басқа жұлдыздардан артықшылығындай. Шынында,  ғалымдар пайғамбарлардың мұрагерлері, ал пайғамбарлар болса, өздерінен кейін динар да, дирһам да қалдырмаған, олар тек білімді мұра етті. Кімде-кім бұл білімді алса, онда ұлы сыбағаға қол жеткізді».

Бұл хадисте ғалым иелерінің мәртебесі ашық баян етілген. Ілім-білім жолында жүргендердің Исламда қадір-қасиеті биіктей түседі. Өйткені, білім талабы – үлкен дәреже.

Қорыта айтқанда, Ислам дінінің басты мұраты – білім кәусарымен әрбір мұсылман баласын діни әрі дүнияуи ілімдермен сусындандыру. Жер бетінде ғылым-білімді Исламдай ардақтайтын дін немесе қоғам болмаса керек. Өйткені, мұсылман жұртының қасиетті кітабы Құран Кәрімнің ең бірінші түскен аятында: «Жаратқан Раббыңның атымен оқы», – делінген. Осының өзі адамзатты білімге жетелейтіндігін дәлелдейді.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда білім алушыға барлық жағдай жасалған. Алла барша қазақстандықтарға екі дүниенің бақыты болып табылатын пайғамбарлар мұрасы, діни білімнен несібелі болуды нәсіп етсін.

 Ақпарат көзі: muftyat.kz