ИНТЕРНЕТІ НАШАР АУМАҚТАҒЫ ОҚУШЫЛАРҒА АРНАЙЫ ПЛАТФОРМА ЕНГІЗІЛГЕН НОУТБУКТЕР БЕРІЛЕДІ

Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Шымкент қаласындағы барлық білім мекемелері толықтай қашықтан оқу форматында І-тоқсанды аяқтады. Қазір қаладағы барлық мектеп оқушылары үй жағдайында интернетпен қамтылған. Бүгінде білім басқармасы тарапынан 17 701 отбасыға «Bilim al» интернет тарифіне қосылған сим-карталар үлестіріліп, 760 отбасындағы балалар оптикалық байланыс арнасымен қамтамасыз етілді.

Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева баспасөз брифингте мәлімдеді.

–Шалғай елді мекендерде интернетке мұқтаж 18 461 отбасында 31 798 бала бар. Оларға «Bilim Iand — Onlinemektep.org» платформасы енгізілген 5000 ноутбук уақытша пайдалануға берілді. Сонымен қатар, қала әкімдігі тарапынан интернет жылдамдығы төмен елді мекендерге 7 мобильді оператордың станциясы орнатылып отыр, — деді басқарма басшысы.

Жанат Арысбекқызы шаһардағы білім мекемелерін толығымен санитарлық қажеттіліктермен қамтылғаны жөнінде де айтып өтті. Мектептер мен бала-бақшаларды санитарлық заттар үшін бюджеттен 66 млн 842 мың теңге қаржы қаралған.

Айта кетейік, қазір қаладғы білім мекемелері толығымен интернет желісіне қосылған. Жылдамдығын 8 Мб/с — 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту мақсатында «Қазақтелеком» АҚ арқылы қосымша келісім шарттар түзілген.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі