Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Ибрагим Келдібайұлымен сұхбат
–Деструктивті діни ағымдар айтып қалдыңыз. Жат ағымдардың қаупі қандай?
–Әрбір жат ағымның жекелеген қауіп-қатерлері бар. Жалпылама айтқанда, еліміздің береке-бірлігіне, тұтастығына, азаматтардың өміріне төнген қауіп деуге болады. Жеке өмірі ойрандалып, тағдырлары талқандалған бауырларымызды естіп, біліп отырмыз. Адамды Отанынан, отбасынан, жақындарынан оқшаулау арқылы өз идеялогиясының тұтқынына айналдыру – кез келген деструктивті жат ағымның әдеті. Тіпті, азаматтардың ой-санасын тәуелсіздікті жоққа шығарып, Отанды мойындамайтын деңгейге дейін құлдыратады. Сол арқылы өздерінің радикалды мақсаттарына жетелеп, кез келген тапсырмаға дайындайды. Міне, бұл – жат ағымдардың ең қатерлі тұстары.
–Қазіргі таңда ел бірлігіне қауіп төндіретін қандай ағымдарды атап өтуге болады?
–Бүгінде заңмен тыйым салынған ағымдар бар. Ғаламторда олардың тізімдері де жарияланған. Ал, кейбір біздің тарихымызды күстаналайтын, елдігімізді жоққа шығаратын, зайырлылық қағидаттарын менсінбейтін, асыл дініміз исламды қаралайтын топтар да көрініс табуда. Өздеріңіз білетіндей, Құран мен сүннетті және сәләфия атауын жалау ететіндер, құраншы, дағуатшы, тәңірші, т.б. сөздерді желеу ететіндерді айтуға болады.
– Жастарымызды қайтсек олардың құрығынан аман сақтап қала аламыз?
–Жастарымыздың жат ағымдардың құрамына кетулерінің себептері көп, әрине. Діни білімсіздік, дұрыс діни ақпараттың болмауы, дінді сенімді қайнарлардан үйренбеу сынды маңызды қоғамдық-теологиялық факторлармен қатар, жеке бастың факторы, әлеуметтік жағдайлар да әсер етуі мүмкін.
Жат ағым бактерия, вирус сияқты. Қай жерде әлсіздік болса, қай жерде сақтану, алдын алу шарасы болмаса, сол жерде өркен жаяды. Сондықтан да, әрбір азамат өзі дұрыс діни ақпараттармен өзінің имани иммунитетін күшейтіп, өзіне рухани сүзгі қалыптастырса, дінді сенімді қайнарлардан үйреніп, дұрыс ақпараттармен сусындаса, одан сақтануға болады.
Дін өз бетімен үйренетін құндылық емес. Бұл сөзіміз дін қолжетімсіз дүние дегенді білдірмейді. Керісінше, мешіттерден, арнайы ұстаздардан үйренсе – дін жеңіл болумен қатар, сенімді құндылыққа айналады.
Қала берді, сан ғасыр бойы ешбір діни алауыздыққа бой алдырмаған балаларымыздың тарихи тәжірибесін жаңғыртуымыз қажет.
–Ғаламтордан дін үйренушілер бар ғой…
–Әрине, бұл – ХХІ ғасыр. Технологиялық мүмкіндіктер ғасыры. Діни білім алу үшін де заманауи мүмкіндікті пайдалану барысында барынша абай болу керек. Яғни, тек қана сенімді ресурстардан үйренген абзал.
–Ол жағынан мүмкіндіктер жасалған ба?
–Әрине, бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайты muftyat.kz, сонымен бірге muslim.kz, azan.kz, sunna.kz, ummet.kz, mazhab.kz, т.б. отызға жуық діни сайт жұмыс істеуде. Бұған қоса, «Мұнара» газеті, «Иман» журналы, «Хикмет» телерадио студиясы бар. Діни құндылықтарды осындай сенімді ресурстардан үйрену керек.
Сонымен қатар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істер комитетіне қарасты kazislam.kz порталы бар. Бұнда да дәстүрлі Ислам құндылықтары, дін мен дәстүр сабақтастығы, жат ағымның алдын алу бағыттары бойынша жұмыстар атқарылуда.
Сұхбаттасқан Оразбек САПАРХАН