Діни оқу онлайн жүргізілуде

ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы-ғалым Смайыл Сейтбековпен сұхбат:

Карантин діни білім жолындағы ұстаздар мен шәкірттерге қалай әсер етті?

Әрине, алғашында бәрі де абдырап қалды. Тәжірибе жоқ, тәжірибе болмағаннан кейін бұл қиынға соқты.

Екіншіден, интернет желісінде арнайы байланыс құралын пайдалануда қиындықтар болды. Дегенмен, бізге де Білім және ғылым министрлігінің көрсеткен бағдары бар, яғни, төтенше жағдай кезінде Zoom мобильді қосымшасы арқылы қашықтықтан оқыту, онлайн сабақ өткізуді медреселеріміз де жүзеге асыра бастады.

– Ал биылғы емтихандар қалай өтеді? Диплом алғалы отырған түлектердің жайын айтсаңыз…

– Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, егер де емтихан тапсырушылардың саны аз болса, санитарлық талаптарды ескере отырып, бір кабинетте 5 адамнан сынақ алынады. 

Республика бойынша 9 медресе болса, соның ішінде ең көбі – «Сарыағаш» және «Шымкент» медресесінің түлектері. Жоғарыда айтып өткендей, санитарлық талаптардың, әсіресе, осы екі медреседе сақталуына күш саламыз. Карантин режимінде қалып қойған ауыл-аймақтардағы шәкірттерімізден онлайн емтихан алынады. 

Соңғы сұрағым биылғы жағдайға байланысты жазғы лагерь, сауат ашу курстары қалай жүзеге аспақ?

– Ең алдымен жазғы лагерлерді ұйымдастыру мүмкін болмай тұрғанын айта кетейін. Өйткені мешіттеріміздің өзін әлі толық аша алмай отырмыз. Қазіргі каратин режимінің қашанға дейін созылатынын білмегендіктен, әзірге ештеңе де кесіп айта алмаймыз. Ал діни сауат ашу курстарын онлайн түрде өткізу жоспарда бар. Өйткені қазір мүфтиятта да, облыстардағы мамандарымыз да онлайн дәрістер жүргізуді бір жолға қойды. Енді тек бір ғана қиындық бар. Ол – ауыл-аймақтардағы балалар онлайн дәріске кіре ала ма, кіре алмай ма деген мәселе… Ол жерде мешітке келіп сабақ алғандай болмайтыны белгілі. Бірақ біз қолымыздан келгенше онлайн дәрістерді өткізуге тырысамыз.   

Сұхбаттасқан Ермұрат НАЗАРҰЛЫ