Журналист этикасы немесе шариғат нормасы

«Қаламға және қалам иелерінің жазғандарына серт!» («Қалам» сүресі, 1-аят).

Алла Тағаланың қаламға берген қасиеті сондай, қанша заман өтсе де, ғылым, технология дамып, жазу тәсілдері өзгерсе де, қаламның адам өміріндегі маңызы жоғалған емес.

Әзілдескеннің өзінде шындықпен әзілдесуді өсиет еткен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне сөйлегенде де өтірік сөз қоспай сөйлеуді бұйырған. Бұл өсиет жазуға да қатысты. Ауыздан ауызға тараған сөзге қарағанда жазудың ғұмыры ұзақ болатынын әрі оны өзгерту, түзету қиынға соғатынын ескерсек, жазатын дүниемізге аса мұқият болуымыз керек.

Хәкім Абай айтқандай «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды» деп мәселенің байыбына бармастан байбалам салып, аттандап кету де кәсіби журналиске тән қасиет емес. Бұл жөнінде Алла Тағала Құранда: «Уа, мүминдер сендерге біреу хабар әкелсе, оны анықтап алыңдар, әйтпесе (істің анығын) білмей, бір елге залал жеткізіп, істегендеріңе (ертеңгі күні) өкініп қаласыңдар» («Хужурат» сүресі, 6-аят) деп ескертеді.

Кәсіби журналистің тағы бір міндегі – жеке адамның ар-намысы мен мәртебесін қадірлеу. Қалам иесі қызмет барысында өзгелердің құқығын қорғап, адамдарды құрметтеуі тиіс. Шариғатта да адамдардың ар-намысына, денсаулығына, өміріне орынсыз зиян келтіруге тыйым салады. Ал еліміздің Ата Заңында: «Қазақстан Республикасы адамды, оның өмірін, бостандығы мен ажырамас құқығын ең қымбат қазына деп таниды және өз қызметін азамат пен қоғам мүдделері үшін жүзеге асырады» немесе: «Адамның және азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды» деп адамдардың жеке құқықтарына кепілдік берілген.

Журналистің кәсібіне адал болуы қалың бұқараның қалам ұстаған ағайынға деген сый-құрметін арттыратыны сөзсіз. Керісінше, кәсіби міндетіне немқұрайлы қарап немесе қызметін жеке мақсатына орынсыз қолданар болса, көпшіліктің журналистер қауымына деген ойын өзгертетіні анық. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей, туралықты ұстанып, адалдықты ту еткен журналист ешқашан қызметі беретін мүмкіндіктерді жеке немесе ағайын-туыс, дос-жаранының мүддесі үшін пайдаланбайды. Өзі қызмет істейтін БАҚ-ты біреуден кек алу сияқты әлдебір мақсаттарға қолданбауы тиіс.

Сонымен қатар журналист оқырман немесе көрермен алдындағы адалдығына да мән беруі керек. Мәселен, кейіпкерден жариялаймын деп сұрап алған құпия мәліметтерді жарыққа шығарып жіберуі, аты-жөнін, түрін көрсетпеуді сұраса, оны да орындамай эфирге шығарып жіберуі дұрыс емес.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Баспасөз хатшысы, журналист Ағабек Қонарбайұлы ақпаратты таратарда оны ең алдымен ата-анасы, ағайын-туысы, дос-жараны, көршілері оқитынын ескеріп, оған аса жауапкершілікпен қарауы керек дейді.

«Ақпарат саласы – маңызды сала. Тарататын ақпаратыңыз арқылы адамдарды қуантуыңыз, қуанышын еселеуіңіз мүмкін, болмаса өмірден түңілдіруіңіз де мүмкін. Сондықтан, әріптестеріме, әсіресе, осындай карантиндегі елең-алаң шақта адамның үмітіне қанат бітіретін, жақсылыққа жұмылдыратын позитивті ақпараттарды көбірек берсек деймін. Мұндай сәтте онсыз да көңілі алаң адамға одан сайын дүрліктіретін, үрей туғызатын ақпаратты берсеңіз, оның күйзеліске түсуіне, өзінің өміріне де, қоғамға да кері әсерін тигізетін амал-әрекетке барып қоюы әбден мүмкін. Сондықтан ақпарат таратарда абай болып, оны ең алдымен өзіңіздің жақындарыңыз да оқитынын, көретінін, тыңдайтынын естен шығармау керек» дейді А.Қонарбайұлы. 


Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,
ҚМДБ Ғаламтор секторының маманы