Жат ағымнан құтқаратын жалғыз жол — ұлттық ұстанымдарға негізделген тәрбие

Бүгінгі таңда дінге немесе діни білімге құштар жамағат саны күн санап артып келеді. Әрине бұл көңіл қуантарлық құбылыс. Десек те осынау игі ұстанымды теріс арнаға бұрып, халықтың көңіліндегі сенімге селкеу түсірушілер де жоқ емес. Әсілінде дін – бейбітшілік пен бауырмалдыққа, тыныштық пен тұрақтылыққа шақырады. Ал, кейбір ат төбеліндей дін атын жамылған жамағат үшін соғыс пен қантөгістің құралы іспеттес.

Шынтуайтуына келгенде әлемдегі барлық діндердің ұштасар ортасы ол – ізгілік. Әлемдегі ешбір дін қатігезікке үндеп, қантөгісті қолдамайды. Мұны Ш.Құдайбердіұлы бабамыз мына бір өлеңінде:

«Әлемдегi дiндердiң түп мақсұты,
Үш нәрседе бұлжымай құшақтасар:
Құдай – бір, ұждан – дұрыс, қиямет – шын,
Еш дiннiң мақсұты жоқ мұнан асар», — деп түйіндеп айтып кеткен.

Адам баласы табиғатымен (фытраты) бірге туған көңіл тұнығын ластаушы идеологияға қалай бой алдыруы мүмкін? Бұл дерт біздің жақындарымызды қалайша арбайды? Осы қауіпті вирусты жұқтырған жандар емделеді ме? Осы және өзге де сұрақтар төңірігенде бүгінгі мақаламызда жауап беруге тырысамыз.

«Сәләфилік» – жан-жақты жетілген ірі әрі қауіпті діни-саяси ағымдардың бірі. Бұл ағымды ХVІІІ ғасырда Сауд Арабиясының Нәжд өлкесінде дүниеге келген Мұхаммед ибн Әбдәл-Уаһаб құрған. Сондықтан бұл ағым соның атымен «уаһабилік» деп те аталады.

«Сәләф» сөзі қасиетті Құранның бірнеше жерінде кездеседі. «Алдыңғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны береді. Ислам ғұламаларының көбінің пікірінше мұсылмандардың алдыңғы үш толқыны сәләфилер деп аталған. Олар – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабалары, табиғиндер (сахабаларды көргендер) мен табаға табиғиндер (табиғиндерді көргендер) исламның әуелгі үш ғасырында өмір сүрген. Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне ғана сүйеніп, соған сай амал еткен. Сондықтан да олар классик сәләфилер, хақ жолдағылар саналды. Ал, қазіргі «сәләфилер» өздерін сол бұрынғылардың жолындамыз дегендерімен, шын мәнінде атына амалдары мен іс-әрекеті сәйкеспейді.

«Сәләфилік» секілді қауіпті діни-саяси ағымды туберкулез секілді індетпен салыстырмалы түрде түсіндіріп, тақырыптың түйінін тарқатып өтуіміздің себебін мақала мазмұнында барынша талдап көрсетуге тырысамыз. Осы орайда жалған «сәләфилік» пен туберкулез дертінің ұқсас тұстарына тоқталып өтсек.

Біріншіден, «сәләфилік» ұстанымы мен туберкулез ауруының қауіптілігі оның – таралуында. Сәләфилік ұстанымы да діннен хабары жоқ адамдар үшін аз ғана көлемдегі уағыз-насихатымен таралады. Алғашқы діни сауатын сәләфилік көзқараста қалыптастырғандар үшін бұл идеологиядан бас тартуы қиынға соғады. Мұны діни сауатсыздықпен немесе адам баласының санасына сатылап әсер ететін ақпарат көздерінің ықпалымен түсіндіруге болады. Шәкәрім қажыекеңнің тілімен айтқанда:

«Ойды кiмнен алғанын,
Адам өзi сезбейдi.
Жанның айдап салғанын,
Сезбесе де iздейдi».

Адам баласы туберкулезді жұқтырғанын бірден сезе қоймайды. Ол жылдар бойы адам ағзасында қалыптасып болғаннан кейін әсер етеді. Сол секілді сәләфилік ұстанымына бой алдырған адамдар да бір күнде өзгеріп сала бермейді. Сатылап алған ақпараттары мен уағыз-насихаттардың нәтижесінде осы бағыттың белсенді ұстанушысына айналады. Оны Шәкәрім бабамыз: «Ойды кімнен алғанын, Адам өзі сезбейді» — деп, екі-ақ ауыз сөзбенен түсіндіріп кеткен.

Екіншіден, Қазіргі дінтану ғылымы да сәләфилікті радикалды және байсалды деп бөліп қарастыруда. Радикалды сәләфилер ашық туберкулез секілді қауіпті, ал байсалды сәләфилер жабық түрдегі туберкулез іспетті қоғамға зияны жоқ деп түсіндіруде. Бүгінгі байсалды сәләфилердің ертең радикалды сәләфиге айналуы әбден мүмкін. Оның біздің қоғам үшін екі түрі де қауіпті.

Үшіншіден, бүгінгі таңда «сәләфилік» идеологиясымен кез-келген адамның бетпе-бет келуі әбден мүмкін. Себебі, қазіргідей ақпарат ағыны кеңінен қолданылып, кез-келген уағыз-насихат қол жетімді жағдайда өмір сүріп жатқан кезеңде мұның қаупі өте жоғары. Дегенмен адам ағзасындағы иммунитет секілді санамыздағы рухани қорғанысымыз – тарихымыз бен салт-дәстүрімізді, мәдениетіміз бен ұстанымымызды, ғасырлар бойы қалыптасқан діни бағытымызды жетік білген жандар бұл вирустан сақтана алады.

Біздің айтпағымыз да осы. «сәләфилік» ұстанымының қауіптілігін сезініп, бұл ағымның арбауынан құтқарар жалғыз жол ұлттық ұстанымдарға негізделген – тәрбие екендігін естен шығармайық.