ЕСКІНІҢ СОҢЫ МЕН ЖАҢАНЫҢ БАСЫН ЖАЛҒАҒАН АЛТЫН КӨПІР

«Абай аманатындағы» «Абай Құнанбайұлы тұлғасы да – сондай аралық кезеңнің жемісі. Ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір» деген бір ғана сөйлемге тоқталғым кеп отыр. 

Абайдың:

«Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

Өлеңі бірі-жамау, бірі-құрау.

Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде көрінеу тұр-ау»,- деген жолдарын Әуезов: «Абай бұлардың тек ақындығын ғана емес, қоғамдық көзқарасын сынап отыр» деп тәпсірлейді. Сондай-ақ, «Абай -өз заманымен тығыз байланысты болған адам» дегенді де сол Әуезов айтқан.

Абай сынап отырған үшеу ХІХ ғасырдағы жыраулар поэзиясының алып «киттері» болатын. Олардың ақындығы- әлемдік деңгейге жеткен ақындық. Бірақ заманды түсіну тұрғысынан Абай олардан озып тұр. Шиллердің «Өз дәуіріне адал адам өлмейді» дегені де- осы. Қазақ- заманға қатты мән берген халық.

Егер мән бермесе «Заман саған бақпаса, сен заманға бақ» демес еді, «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегенді һәм айтпаған болар еді. Бұрын осы даналықты қулыққа шақырып тұр деп ойлайтынмын.

Қулыққа шақырса, түлкі бол демес пе еді?! Бұл -заманды түсінуге шақырып тұрған тұнық даналық. Мақала мүәлліфі Абайдың осы қырын тап басып танып отыр. Мақаладан автордың Абаймен жай ғана таныс емес, етене жақын екендігі, бала кезден сүйегіне сіңіргені сезіледі.

Автор «Байқауымша, ұлылықты ұғыну – бір бөлек те, онымен табысу және тоғысу, яғни түпсіз тереңіне бойлап, жеке болмысыңа жарату – өз алдына қырық қатпар құбылыс» депті ғой. Біз де Абайды әлі де тани береміз, түпсіз тереңіне бойлай береміз…

Абай ҚАЛШАБЕК, ақын, абайтанушы

Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті