«Дәстүрлі дін» ұғымын түсіндірудің кейбір қырлары

Жалпы алғанда теология мен әр түрлі ғылым салалары арасындағы негізгі ғылыми қайшылықтар «дін» ұғымына байланысты. Теология ғылымында «дін» ұғымына қатысты екі жүзден астам анықтамалар бар, олар әр түрлі түсініктер мен сенімдердің, діни ағымдар мен діни секталардың барлығын қамтиды.

Дәстүрлі діннің белгілері. 

1.Дәстүрлі діннің генезисі — Жаратушы тарапынан деп саналады. Оның дәлелі әрі негізгі қайнар көзі, сондай-ақ формасы ретінде қасиетті жазбалар танылған. 

2. Аталған қайнар көздердің мазмұнынан анықталғандай, қасиетті жазба берілген, сондай-ақ қасиетті жазба берілмесе де пайғамбарлық міндеттерін атқарған тарихи тұлғалардың болуымен дәлелденеді. 

3. Тарихи кезеңдерімен дәстүрлі діндердің көптеген халықтардың, оның ішінде, әуелі отбасылық, әулеттік, рулық, тайпалық құрылымдардың, сондай-ақ өзіндік тарихыменқалыптасқан ұлттардың тарихында, өмірінде орын алуы. 

4. Дәстүрлі діндердің негізгі қайнар көздерінің мазмұны, негіздері мен қағидаттарының адамдардың тарапынан өзгеріске ұшырамауы. 

5. Барлық тарихи кезеңдерде қоғамдық қатынастарды реттеуде өзіндік ықпалының болуы. 

6. Қоғамдағы әлеуметтік нормалардың туындауы, қалыптасуы мен өзіндік дамуына әсерінің болуы. 

7. Дәстүрлі діннің қоғам мен адамға пайдасы болмаса, өзіндік зияндық және зардаптық салдарының болмауы. 

«Әлемдік дін — бұл дін, яғни белгілі территорияда кең таралымға ие болады және белгілі әлеуметтік қауымдастықта, әр түрлі әлемніңелдері мен түрлі континенттерінде сипат алады.

Әлемде белгілі нақты өлшемдер орын алған, яғни әлемдік діннің белгілі біp түріне лайықтандырылады. Бұл стандарттар ЮНЕСКО тарапынан ұсынылады. Осы орайда, БҰҰ ЮНЕСКО тарапынан үш дін әлемдік дін ретінде саналады. 1. Христиан. 2. Буддизм. 3. Ислам. Аталған діндер әлемдік діндер болуымен қатар, дәстүрлі діндер ретінде есептеледі. Сонымен бірге ұлттық дін болып табылатын діндерді (мысалы, иудаизм) дәстүрлі дін ретінде саналады. Сондықтан әлемдік және дәстүрлі діндер деп аталған діндерді атайтындығы жалпыға белгілі. Осы орайда, айтар жайт, Қазақстан Республикасында өткізіліп жүрген әлемдік және дәстүрлі діндер съездері халықаралық деңгейдегі  маңызды  іс-шаралардың қатарына жатады деуге болады. 

Сонымен, жоғарыда жасалған талдаудан байқалғандай, «дәстүрлі дін» ұғымын түсіндірудің негізгі екі жолының қалыптасқан деуге болады. Яғни, теологиялық және саяси-кұқықтық тұрғыдантүсіндірудің әдістемелік негізі бар. 

Теологиялық түсіндіру бойынша «дәстүрлі дін» дегеніміз, оның генезисі Жаратушы тарапынан бастау алатын, тиісті пайғамбарлар арқылы адамзатқа жеткізілген, діннің негізгі қайнар көзі жалпы танылатын әрі формасы ретінде көрінісі табатын, барлық тарихи кезеңдерде көптеген халықтардың өмірінде дәстүрлі түрде орын алған, негіздері мен қағидаттары, сондай-ақ мақсаты мен міндеттері жалпы адамзаттың өзіндік игілігіне арналған Жаратушының  заңдарының жиынтығы. 

Саяси-кұқықтық түсіндіру бойынша «дәстүрлі дін» дегеніміз, бірнеше әлемдік және дәстүрлі діндер ретінде БҰҰ ЮНЕСКО тарапынан тиісті түрде мойындалған, саяси-құқықтық, тарихи, мәдени, әдеби ескерткіштер ретінде танылған, саяси-құқықтық жүйеде, түрлі қоғамдар өмірінде әлеуметтік норма болып орын алған, дәстүрлі діндердің белгілерін  сипаттайтын құбылыс. 

Осы орайда, айта кетер жайт, «дін» ұғымыныңүш түрлі мағынасы бар деуге болады. Яғни, жалпы, негізгі және арнайы мағыналары баршылық. Дін — Жаратушының заңы деген анықтама аталған ұғымның жалпы мағынасын білдіреді. Тарихи негіздері бойынша бұл мағына «туындау», яғни генезистік (шығу тегі) негіздері арқылы түсіндіріледі. Бұл ретте, Жаратушы абсолюттік субстанция ретінде, яғни оның өзіндік (құдаи) заңы философиялық және теологиялық тұрғыдан алып қарағанда, барлық нәрселерді қамтиды әрі барлық жаратылыстарға қатысты делінген ой-тұжырымнан осындай мағына шығады. Ал енді «дін» ұғымының негізгі мағынасы барлық пайғамбарлардың өмірі, тарихы, мақсаты мен міндеттері, сондай-ақ олардың дәстүрлі дінді жеткізудің әдіснамасы, соған сәйкес занды әрі тарихи іс-әрекеттері арқылы түсіндіруге болады. Бұл ретте, аталған «дін» ұғымының арнайы мағынасы жалпы адамзатқа ортақ халықаралық ұйымдар арқылы ұғындырылады. Осы тұста, айта кетер жайт, аталған ұғымның үш мағынасын кеңінен түсіндіруді қажет етеді. Сондықтан осы ұғымның мағыналарын ашу келесі кезектегі бір мақалада мақсат етілді. 

Қорыта айтқанда, «дәстүрлі дін» деген ұғымдық тіркесті түсіндірудің екі жолдың бір-бірімен қайшылықты жағдайда емес. Керісінше тиісті түрде тарихи және саяси-құқықтық ұстаным тұрғысынан бір-біріне өзара қолдау көрсетуде. Бұл ретте, «дәстүрлі дін» ұғымына қатысты дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдерінің өзіндік түсініктерін келесі мақалада жеткізіп жазуға ниет еттік.

Е. Бекбосынов

haqjoly.kz  сайтынан