Адамзат тарихында карантин ұғымы Ислам өркениетіне тиесілі. Медицина ұғымының ірге тасын қалаушы — Абу Әли Ибн Сина осыдан он ғасыр бұрын қатерлі дерттердің адамнан адамға жұғу жолдарын ең алғаш зерттеп, оған қарсы тұрудың амалдарын ойластырған.
Тарихқа үңілсек, Ибн Сина қала қақпасын жабу, мешіт пен базарда көпшіліктің жиналуына тыйым салу, обадан көз жұмған адамдардың киімдерін өртеу секілді нұсқаулықтардың арқасында Үргенш шаһарының халқын аман сақтап қалған.
Бұл осыдан он ғасыр бұрын болса да, қазіргі карантиннің негізгі қағидаттарын қалады. Індеттің алдын алу шараларын сақтамау салдарынан Малайзиядағы коронавирусқа шалдыққан бір ғана адам намаз кезінде 200 мұсылманның осы індетпен ауыруына себеп болғанын жақсы білеміз. Ал Оңтүстік Кореяда COVID-19 анықталған мыңдаған азаматтың жартысына жуығы Иисус-Синчонджи шіркеуінің зияратшылары болып шыққан», — дейді Алтай Әбибуллаев.
«Бүгінде әлемде коронавирусты 1 миллион 600 мыңнан астам адам жұқтырса, тоқсан бес мыңнан астам адам көз жұмды. Бұл сандар күн сайын артуда. Осы көзге көрінбес жаумен күресте дін мен дін өкілдерінің орны ерекше. Қауіпті вирустың алдын алу үшін әлем ғибадатханалары діни мінәжаттарды, көпшілік діни шараларды шектеуге кірісті.
«Қарусыз соғыста» дін көшбасшылары мен халықаралық діни ұйымдардың, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің тұрақты қатысушыларының қоғам алдындағы жауапкершілігі ерекше. Олар сақтық шараларын қамтамасыз етуде, өзіне қарасты дін өкілдері мен халықты ауызбіршілікке шақыруда алдыңғы шептен көрінді.
Мұндайда Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.а.с) «Егер қандай да бір жерде жұқпалы ауру тараса ол жерге бармаңдар. Егер сол жерде болсаңдар, онда ол жақтан кетпеңдер және қашып шығуға әрекет жасамаңдар. (Себебі, бұл ауруды таратуға септігін тигізеді)», – деген хадисінің қазіргі таңда маңызы ерекше.
Қиындықпен бетпе-бет келген еліміз шұғыл әрі қажетті мемлекеттік шешімдер қабылдап, аурумен күрес үзілмей жалғасуда. Жұқпалы індеттің таралуына тосқауыл қою үшін, бұрын соңды болмаған сақтық шаралары іске асуда. Дәрігерлер адам өмірін сақтауда тынымсыз еңбек етуде. Қоғамның маңызды бір бөлігі ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да шұғыл шараларды қолға алды. Қазіргі індет адамзат өркениеті мен күнделікті тыныс-тіршілікке фундаменталды өзгерістер енгізіп, сана-сезіміміз бен көзқарасамыз үйренген салаларды танымастай өзгертуі ықтимал. Ғасырлар бойы қалыптасқан діни дәстүрлер мен қағидаттар ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесі, әлеуметтік саясат, халықаралық қатыныстар, дипломатия, әлемдік экономиканың құрылымы, қаржы институттары, бәсекелестіктің негізгі философиясы, инвестициялар тарту, туризм, авиация, медицина, энергетика, қоршаған ортаны қорғау, ғылым, ғарыш, жаңа ақпараттық технологиялар, мемлекеттер арасындағы интеграция үдерісі, виза жүйесі, халықаралық ұйымдар, кіші және орта бизнес, жеке кәсіпкерлік, өндіріс, логистика және басқа да маңызды салалар әлемдік, аймақтық әрі ұлттық деңгейлерде күрделі өзгерістерді бастан кешіріп, реформаланатыны сөзсіз. Тілсіз жаудың салдары мен ауыртпашылығы – жаңа жаһан жүйесінің қалыптасуына түрткі болмақ. Жер бетін мекендеген барлық жанға төнген ортақ қауіп адамдарды қайырымдылық пен игілікке, ізгілік пен мейірбандылыққа, жамандықпен күресуде мүдделес болуға үйретуде, бұл игі үрдіс қарқын алуда. Адамзат атаулының барлығы жаратылысынан бейбітшілік пен түсіністікке, сабырлық пен қанағатқа, қарапайымдылық пен әділдікке бой ұсынады. Адам бойындағы бұл қасиеттерді діндер мен діни ұстанымдар бекемдей түсуде. Қалай десек те, бұл пандемиядан кейін әлем мен адамзат тіршілігі бұрынғыдай болмасы айдан анық.
Індет адам эволюциясын сапалы жаңа сатыға көтеруі мүмкін. Жер бетін жайлаған үрей мен қауіп адамдардың бір-біріне мейірім танытуына, өз өмірі, жеке бас гигиенасы мен экология мәселелеріне жауапкершілікпен қарауына, мемлекет пен отбасылық қаржы көздерін ысырапшылыққа салмай, туған жер мен отбасының қадір-қасиетін айқындап, орны жетпес бақыт екеніне жаңадан көз ашқандай», — деп ойын түйіндейді «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының» Басқарма төрағасы Алтай Әбибуллаев.
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат