Діни экстремизм және оның алдын- алу жолдары

Экстремизм терминін қазақ тіліндегі мағынасын түсіндіріп кететін болсақ: Экстремизм латынның extremus – деген сөзінен шыққан.

Террорлық әрекеттің басты мақсаты қоғамда үрей, қорқыныш, әбігер туғызу, елдің тыныштығын бұзу, өзіне көпшіліктің назарын аудару арқылы өздерін үлкен саяси күш ретінде таныту болып табылады. 

Жалпы діни экстремизмнің қалай алдын аламыз. 

Біріншіден, теріс діни ағымның, секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарды көбірек хабардар етіп отыру қажет.

Ол үшін барлық мектептерде, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында «Дінтану» сабағымен қоса, дінтану және тарих пәндерінің мұғалімдері ашық сабақ және тәрбие сағаттарында, қауіпсіздік сабақтарында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, онда экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп, түсіндіріп отырулары керек.

Екіншіден, қауіпті діни әдебиетке тыйым болмай, діни экстремизмнің алдын алу мүмкін емес.

Сондықтан базарларда, құлшылық орындарында, жер асты өткелдерінде заңсыз сатылып жатқан теріс діни әдебиеттерге құзырлы орган тарапынан тыйым салынуы қажет.Өйткені қарапайым халық діни әдебиеттердің ақ қарасын ажырата алмауы мүмкін. Егерде сатылған теріс діни әдебиет тұтынушының қолына тисе санасын теріс бағытқа улауы әбден мүмкін. 

Үшіншіден, шетелдерге діни білім алуға жастардың көбі өз бетімен барады. Олар ресми органдарда тіркелмегендіктен, нақты қайда оқығанын да білмейсіз. Соның салдарынан шетелдегі деструктивті діни ағымдардың идеологиясы бізге «экспортталып» жатыр. Сондықтан шетелде діни білім алуда белгілі бір шаралар қабылдау – заман талабы. Шетелде заңсыз құжыраларда оқып келіп, елдің арасына іріткі салып жүрген жастарымыз да жоқ емес.

Төртіншіден, қазіргі таңда кітап оқитын жастар саусақпен санарлық. Өзіне қажетті барлық мәліметті интернеттен іздеп, оңай қол жеткізе алады. Сонымен қатар, діни сауатын да интернеттен алады. Діни сауатты интернеттен аламын деп, елімізде және шетелден ашылған экстремистік сайттардың құрығына байқаусызда түсіп қалып жатады.

Сондықтан елімізден және шетелден ашылған экстремистік сайттарды күнделікті құзырлы орган тарапынан бұғатталып отыруы қажет.

Бесіншіден, діни экстремизм мен терроризм қылмысымен айыпталушылардың жазасын ауырлату, діни лаңкестіктің алдын алудың бірі болып саналады. 2011 жылдары орын алған лаңкестік оқиғалардың қайталану себебі — қылмыс жазасының жеңіл болуында.Халықтың арасына үрей туғызып, халықтың өміріне қауіп-қатер төндіретін лаңкестіктің алдын-алу үшін қылмыскердің жазасын қандай деңгейде болуын қарастыру демократиялық құндылықтарға қайшы келмейді. Десе де, террорлық қылмысқа ауыр жаза қолдану қылмыскерлерге тән азабын шектіру емес, қоғам үшін діни экстремизм мен терроризмнің жат екендігін бойға сіңіру және басқаларға сабақ болу мақсатында іске асырылуы тиіс.

Қорыта келе, мәңгілік ел боламыз десек «Мәңгілік ел» идеясын іске асырып, қуатты мемлекетке айналу үшін, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін әрбір қауіпсіздік шараларын дер кезінде алдын алғанымыз жөн.

Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі,  

дінтанушы Бектұрсын Омарбаев haqjoly.kz  сайты