Деструктивті діни ағым ұстанушылары ажырасуға бейім

Талақ (тастау, ажырасу) – некеден айырудың ең көп тараған түрі. Пайғамбарымыз «Рұқсат етілген істердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы — ажырасу» деген. Ислам атын жамылған «псевдосалафизм», «уахабизм» және «такфиризм» ағымдарын ұстанушылар ажырасу шарттарын бұрмалап, түрлі сылтауларды алға тартады. Әйелі намаз оқымайтын болса оны намазға жығылуға мәжбүрлеп, көнбегендеріне талақ айтып шыға келеді. Жарының намаз оқымайтын туыстарын да кәпірге балап, олармен туыстық қарым-қатынасына шектеу қояды. Осының салдарынан ерлі-зайыптылардың арасында дау шығып, ақыр соңы отбасының ойрандауына алып келеді.

Бұдан бөлек деструктивті діни ағымды ұстанушылар арасында заңды түрде некелеспей, «шариғаттың жолымен» деген желеумен жанұя құратындар көп. Мұндай отбасында жауапкершілік болмағандықтан, ері әйелінен жалыға қалса «талақ» айтып, келесі үйленетін адамын іздеп кете береді.

Ал, шындығында ислам діні жастардың шаңырақ көтеріп, сол отбасының бұзылмауына ерекше мән береді. Жанұя құру мәселесіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Жазушы Ғабиден Мұстафиннің «Ата-ананың міндеті – тәрбиелеу және жақсылықты үйрету» дегендей бала тәрбиесінде және оның тұлға болып қалыптасуына ата-ана мен отбасының маңызы зор. Отбасында берілген тәрбие бала өмірінде маңызды рөл атқарады.

Халқымызда «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген даналық сөз ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлін айқындап тұрғандай. Әрбір азамат атаның қанымен, ананың сүтімен келетін ізгі қасиеттерді, отбасылық, ұлттық және рухани құндылықтарды жанұяда ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңірсе, келешек ұрпақтың ертеңге нық қадам басуының негізі болмақ.