Дене тәрбиесі — салауатты өмір салтының негізі

Адам тәнінің байлығын ештеңемен теңестіруге келмейтіндігін түсіндіріп, ерекше ой салады. Адам баласы күнделікті тіршілік барысында көптеген әр түрлі қозғалыстар жасайтыны белгілі. Ол әрине, өз кезегінде дененің кейбір мүшелерінің өсіп жетілуіне оң әсерін тигізуі мүмкін. Дегенмен, мұндай қимыл-әрекеттер кейде кері әсерін де тигізеді. Айталық, үнемі бір бағытта жасалған қимыл-әрекеттен адамның бір мүшесі шаршап, организмнің қалыпты әрекетін өзгеріске ұшыратуы ықтимал. Сол себепті күнделікті орын алатын, бір ғана бағытта жүргізілетін дене қимыл-әрекеттерін дене тәрбиесінің құралы деп қабылдаған дұрыс емес.

Негізінде денені жүйелі түрде шынықтыру мен денсаулықты нығайту адамның ойын өсіріп, шығармашылық қабілетін арттырады. Организм шамасы келетін жаттығуды және дұрыс ұйымдастырылған жұмысты орындағанда ғана дамып, нығайып жетіледі. Дене шынықтыру тәрбиесі адам денсаулығын сақтап және нығайтады, дененің дұрыс дамып қалыптасуына жеткізеді. Денені шынықтыру тәрбиесінің мақсаты – салауатты өмір сүру негіздерін білу және ұстану, өз еркімен дене шынықтыру және спортпен шұғылдану дағдыларын қалыптастыру, денсаулықты нығайтуға және дене шынықтыруды дұрыс дамытуға ықпал жасау болып табылады.

Жастардың дене-бітімінің дұрыс дамуы, денсаулығының нығаюы, жұмыс қабілетінің артуы сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына қарсы тұруға ықпал етеді.

Жақсы денсаулық — адамның еңбек және қоғамның іс-әрекетке жемісті қатысуының маңызды кепілі. Сабақтарда, сабақтан тыс уақытта, спорт секцияларында дене тәрбиесін күн сайын ұйымдастырып, қолайлы жағдайлар жасау қажет.Табиғи қозғалыстың түрлері жүгіру, қарғу, жүзу, лақтыру, шаңғы, коньки, велосипед тебу, акробатика өмірге қажетті дағды және іскерліктерді қалыптастырады. Жас адамдардың денесі түрлі жаттығулар көмегімен ширап, дамиды. Сондықтан күш, жылдамдық, төзімділік, икемділік сияқты адам қабілетін дамыту оқушылардың қозғалтқыш тәжірибесін байытады, дене қозғалысын үйлестіреді.

Дене тәрбиесі саласында ырғақ, жеке гигиена, дене шынықтыру мәдениеті, туризм,спорт ерекше орын алады. Дене тәрбиесі ең басты күн тәртібін, яғни, еңбек, демалыс, тамақтану, ұйқы, бос уақыт ырғақтарын дұрыс ұйымдастыруды талап етеді. Күн тәртібін тиімді пайдалану балалардың ақыл-ойы мен дене құрылысының дұрыс дамуына, денсаулығын сақтауға көмектеседі.

Мейілінше, күн тәртібін бұзбау міндет. Тәртіп дегеніміз — демалыс, тамақтану, жеке гигиена және күн мен түннің пайдалы сәттерін маңызды, мазмұнды қолдану.

Дұрысында дененің дұрыс қалыптасуы үшін күнделікті жаттығуларды неден бастап, қалай аяқтау керек екендігін білген абзал. Адамның қимыл-әрекеті таңертең ұйқыдан оянудан басталады. Қимыл қозғалыстың алғашқы бастамасы — таңертеңгі бой жазу жаттығулары.

Ең әуелі жүруден бастаудың мәні қан айналу процесі мен ішкі мүшелерді тиісті жүктемеге даярлайды. 5-10 минут жүгіріп, одан кейін керіліп созылу жаттығуларын орындайды. Кеудені кере дем алу, иық, кеуде және белді қозғау жаттығуларын орындап, оларды біртіндеп күрделендіре береді. Осындай дене тәрбиесі жүйесінде спортпен шұғылданып, болашақта жоғары көрсеткіштерге жету үшін табиғи орта қажет. Табиғи орта дегеніміз өзімізге жақсы таныс ауа, су және күн сәулесі. Мұндай табиғи ортаны жүйелі түрде пайдаланудың денсаулық үшін маңызы зор. Мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде бұл жағдайға көз жеткіздім.

Сондай-ақ, әр түрлі аурулардың алдын алу үшін де организмді үнемі шынықтырып отыру қажет. Шынығудың арқасында организм қоршаған ортадағы температураның күрт өзгеруіне бейімделеді және организмнің жұқпаларға қарсылығын жоғарлатады.

Әсіресе, бүгінгідей пандемия  жағдайында менің осы айтқандарымның мәні зор деп ойлаймын. Жүйелі дене жаттығулары ең қажетті дүние. Дененің саулығы – жаныңның саулығы екенін ұғынып, салауатты өмір слатын ұстанып, күнделікті спортпен шұғылданып жүрейік!