Салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – белсенді дене қозғалысы. Қозғалыс адам өмірі үшін аса қажет. Дене жаттығулары — организмдегі жасқа байланысты өзгерістердің алдын алатын және ұзақ өмір сүруге көмектесетін маңызды амалдардың бірі.
Уақытының көп бөлігін отырумен өткізетіндер қатарында жастар бар. Партада дұрыс отырмау еттің тез шаршауын туғызады. Қолайсыз сезімдерден құтылу үшін оқушы иіледі немесе бір жағына қисаяды. Мұның салдарынан оқушының физиологиялық құрылысы өзгеріске ұшырайды.
Әсіресе, барлық салмақ омыртқаға түседі. Омыртқа үнемі қозғалыс пен жаттығуларды қажет етеді.
Еш қозғалыссыз бір қалыпта отырудың салдарынан омыртқа сүйектеріне зақым келіп, ол өзге де мүшелердің зардап шегуіне әсер етеді.
Қимылсыз өмір салтын ұстанатын адамдардың қанындағы эритроциттер мөлшері кемиді, сүйектері сынғыш келеді, бұлшық ет тіні семеді, май тіні көбейеді, оттегін тиімді қорыту қабілеті жоғалады, иммундық жүйе жаншылады. Дене белсенділігін төмендету, әсіресе, балалар мен 40 жастан асқан адамдар үшін қауіпті.
Балаларда гиподинамия организмнің қалыптасуын кешеуілдетеді, олардың жұқпалы ауруларға қарсы тұру күші кемиді, дене сымбаты, көру және есту қабілеті бұзылады. Жастарда жемісті қызметке қабілетсіздік дамиды.
Мамандардың пікірінше, кей балада жоғары сыныптарға өткенше кемінде 3 созылмалы ауру пайда болады екен. Соның алдын алу мақсатында Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі дене шынықтыру сабағынан бөлек, белсенді қозғалыс сағатын (БҚС) өткізіп келеді. Ол 2018 жылы жоба ретінде енгізілсе, қазіргі таңда оқушылардың денсаулығын нығайту мақсатында іске асырылуда.
Белсенді қозғалыс сағатында спорттың барлық түрлері қамтылады. Әсіресе, болейбол, баскетбол, футбол, воркаут, үлкен теннис, жеңіл атлетика, күрес, фитнес, созылу жаттығулары, емдік гимнастика т.б. түрлерінен жалпылама сабақтар жүргізіледі. Бұл өз кезегінде оқушылардың физикалық белсенділігімен қатар, ой өрісін дамытуға да көп көмегін тигізуде.