Адаптациялық экстремизм немесе жат ағымды ажырату әдісі

Әңгіме «Біз – салафпыз» деп жүргендер жайлы болмақ. Кеше оларды «уахаби» десе, тарихтағы алғаш атаулары «Хауариж». Олар әр заманда қоғамға бейімделу үшін атауларын өзгертіп отырған. Алайда, ұстанған бағыты мен тәсілі бір. Сол қалпында сақталған. Сондықтан да оларды ажыратып алуға болады.

Әбу Сағид Худри (р.а.): «Біз Алла елшісі (с.ғ.с.) құзырында едік. Пайғамбар (с.ғ.с.) адамдарға зат үлестіріп жатқан. Сонда Бәну Тәмим руынан шыққан Зул-Хуайсира атты кісі келіп: «Ей, Алла елшісі! Әділ бол», — деді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оған: «Сорың құрысын! Мен әділдік етпесем, кім әділдік жасайды. Егер мен әділдік жасамасам сенің сорың құрып, ақырың жаман болар еді», — деді. Сонда Омар: «Уа, Алла елшісі! Рұқсат етіңіз, оның басын шауып алайын, — деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Тиіспе, оның жолдастары бар. Сендер олардың намаздарының жанында өз намаздарыңды, оразаларының алдында өз оразаларыңды түкке тұрғысыз деп білесіңдер. Олар Құран оқиды, бірақ оқығандары көмейінен ары аспайды. Олар діннен аңды тесіп өткен жебедей алыстай түседі. Жебенің ұшына қарасаң, еш нәрсе (қан) таппайсың…», — деді.

Әбу Сағид: «Мен бұл хадисті Алла елшісінен (с.ғ.с.) естігендігімен куәлік етемін. Әлидің олармен соғысқанын, мен де Әлидің жанында болғанымды куәлік етемін. Ол адамды алып келуге бұйрық берді. Тұтқындалған адамға қарағанымда Пайғамбар (с.ғ.с.) суреттеген кісіні көрдім», — дейді.

Бұл оқиға Пайғамбар (с.ғ.с.) Хунайн шайқасынан кейін төрт кісіге алтын үлестіріп бергенде орын алды. Алтынды Әли бин Әбу Толиб (р.а.) Йеменнен жіберген болатын. Ал, Зул-Хуайсира Тәмими жайлы Ибн Хажар: «Бұл кісі жайлы хадистерде анық дерек айтылмаған. Абдурахман бин Әбу Ниъмал-Мушар оны: «Екі ұрты шығыңқы, көздері үңірейген, маңдайы шығыңқы, сақалы қалың, шашын қырып тастаған, балағы түрілген» , — деп суреттеген.

Әбу Бәкра (р.а.) риуаятында: «Ұзын бойлы, қара кісі. Балағы түрілген, шашы қырылған және екі көзінің ортасында сәжденің ізі бар», — деп келтірілген. Абдулла бин Амр (р.а.) риуаятында: «Дала арабтарының бірі, дінге жақында ғана кірген», — деп айтылған.

Риуаятта: «Ей, Мұхаммед! Уаллаһи, Алла саған әділ болуды әмір еткен болса, мен сенің әділдік еткеніңді көрмедім» , — делінген.

«Оқыған Құраны көмейінен аспайды» міне, бұл хадис жастардың аталмыш ағымға құштарлығының себебін ашық айтуда. Бір қарағанда, намазын керемет оқып, оразасына берік адамнан кім күдіктенуі мүмкін? Бірақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) олардың Құран оқитындығын, намазы мен оразасын көрген адам ерекше таң қалатындығын айтып ескертуде. Ал, оқыған Құраны тек тілінде қалып, діліне дейін жетпейтіні тағы бар. Алланың сөзі оқудан тіл дамыл таппаса, бірақ, Құран әмірлерін орындамайтын болса мұндай жан ең бақытсыз. Құранның өзі ондай бейбақты лағынет етеді.

«Олар діннен аңды тесіп өткен жебедей алыстай түседі» Исламнан атылған жебе сияқты алыстай түседі. Сонымен бірге, садақты білегі мықты кісі тартса жебе киіктің денесін тесіп өткенде, жебеге қан жұқпай қалады екен.  Міне, сол сияқты бұл жат ағымдағылар өз намазы мен оразасынан иманы пайдалана алмайды. Олар мұсылманшылыққа ешбір қатысы жоқ бейнедегі бейшаралар боп қалмақ.

Түйін

1.Бұл – хауариждер. Аталмыш ағым әр заманда әртүрлі атауды бүркеніп келген. Алайда, олардың ортақ сипаттарынан тануға және ажыратуға болады;

2.Хауариждердің діннен жебедей алыстай түсетіндігін Пайғамбар (с.ғ.с.) айтып, сахабалар растаған;

3. Әли бин Әбу Толиб (р.а.) Жамал және Сыффин шайқастарында осы ағыммен күрескен;

4.Дінде асыра сілтеушілікке жол жоқ. Шариғат рұқсат бермеген дәрежеде адам өзіне міндеттеме алуына қатаң тиым бар;

5.Басшыға қарсы шыққан топтың әрекетін күшпен тоқтатуға рұқсат етіледі. Мұндай, қате сенімдегі топтан қоғамды насихатпен және күшпен де қорғауға шариғат рұқсат береді;

6.Хадисте мұсылман Исламнан басқа дінді таңдаймын деп емес,  байқаусызда дінінен шығып кетуі ықтимал екендігін айтып сақтандыруда;

7.Хадистен Омар (р.а.) дінді қызғыштай қорғауда құштар сахаба екені байқалады;

8.Аят және хадистердің тек сыртқы мағынасына қарап түсіну қателікке алып барады. Құран және Пайғамбар (с.ғ.с.) сөзін сахабалар, табиғиндер және мазхаб ғалымдарының түсіндірмесі бойынша ұғыну қажет;

9.Құран тиләуат ету, намаз оқу және ораза тұту сияқты амалдардың тек сырт көрінісіне ғана мән беру жеткіліксіз. Құлшылыққа шынайы ықылас керектігін байқаймыз.

Құран Кәрім жер бетіндегі адамзат пен жын тайпасына Алланың жіберген пәрмені. Құран – берік арқан. Оған жармасқан пенде жамандықтан құтылып, бақытқа жетеді. Құранды мойындамай одан алшақтаған адам жақсылық атауынан іргесін алыс салған бейбақ.

Құранда адамның пенде ретінде құлшылығы мен азамат ретіндегі өмірлік игілігінің жолы көрсетілген. Сондықтан, Құранды тек тиләуат етумен шектелуге болмайды. Естіген және оқыған аяттардың сырларына терең бойлап, оған амал ету пендеге парыз. Ал, Алланың сөзін оқып, оған амал етпейтін жан ең қор адам.

Құрметті оқырман бауырым! Жат ағымнан өзіңізді және өзіңізге жақын адамдарды сақтаңыз. Ата-бабамыздың ұстанған алтындай саф сара жолына берік болайық!

Руслан ҚАМБАРОВ

Ақпарат көзі: haqjoly.kz