Театрдың әр маусымы адам ғұмырлас. Өзінің қуанышы, теперіші, жемісі, еңісі бар. Сонау 1934 жылы Шымкент қаласында ашылған қазақ драма театрының әр маусымның шымылдығын түргені мен жапқаны арасында кейіпкерлердің қайталанбас тағдыры жатыр, көрерменіне мұңын шағып, бақытты сәтімен бөліскен сыры жатыр.
Бүгінгі мұнарланған бұлт арасынан – ертең жарқырап Күн шығатына сендіреді. Жетелейді. Махаббаттың мөлдір сезімімен тербетеді. Тарих әрдайым жаңғырып отыруымен – тарих. Бірнеше ай бойы театрымыздың сахнасынан қол үзіп қалған көрерменге көне тарихымыздан үзік-үзік сыр қозғай кеткім келді.
Бүгінде «Оңтүстіктің ата театры» атанған Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры 1934 жылы құрылған. Ойлап қарасаңыз ол кезең, халық басына төнген нәубет – жұттың төрт миллионнан аса халықты жұтқан кезеңі болатын.
Қызыл жүйе бір қолымен – шеңгелдеп қырғынға ұшыратса, екінші қолымен – өнер мен мәдениеттің дара жолын ашты. Кәсіби маманы жоқтың қасы Шымкент қалалық қазақ драма театры Шымкент қалалық ОблОНОның 7 қаңтар 1934 ж. № 138 бұйрығымен ашылды.
Өнер ұжымының алғашқы құрамында Р.Байкенов, Т.Мәдіхожаев, Г.Батырғалиева, Ф.Шериязданова, А.Жәсенов бастаған жиырма бес адам болды. Тек құштарлық, құмарлық, қызығушылық қана болмаса, өнер мектебі дегенді көріп білмеген, жете сезінбеген ұжымның тырнақалды қойылымдарында Р.Әбдірахманов, Ж.Арғынбаев секілді «талапкер режиссерлер» сахнаны игеруге талпынды. «Талапкер маман» мен «кәсіби маманның» арасын сахна таразылайтыны белгілі. Театр — көркемөнерпаздар деңгейінде жұмыс істеді.
Ғ.Жасақбаевтың «Замана заңы», С.Ерденаевтың «Малқанбай», С.Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар», М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек», В.Корнейчуктің «Платон Кречет» пьесалары сахналанғанымен, «кәсіби қойылым» болудан алшақ еді. Олқылықтың орнын театр артистерін Ленинградтағы театр учелищесіне арнайы мамандық алуға аттандырумен толтырды.
Қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер, Халық артисі Жұмат Шаниннің атын иеленген театр бүгінде көрерменін кәсіби қойылымдармен қуантып жүр.
Театр ұжымы 2014 жылы желтоқсан айында 500 көрерменге арналған жаңа ғимаратқа көшіріліп, салтанатты ашылуына Елбасы
Н.Назарбаев қатысты. 2015 жылы ақпан айында өнер ордасына «Академиялық театр» мәртебесі берілді. Қазақ классикасы мен әлемдік драматургияны басты нысана ете отырып, бүгінгі күннің өзекті мәселесін қозғайтын заманауи қойылымдармен, салмағы басым репертуарымен сахна саңлақтары көрерменнің көзайымына айналып отыр.
86 маусымның алғашқы шымылдығын театр ұжымы Н.Птушкинаның «Күтпеген кездесу» комедиясының премьерасымен ашты.
Спектакльді Алматыдан арнайы шақыртылған жас режиссер Е.Қауланов сахналады. Жаңа маусымның бір ерекшелігі, 86-шы маусым — театрдың майталман актрисасы, ҚР Мәдениет қайраткері Гүлшат Еспайдың 70 жасқа толуымен сәйкес келгендіктен, «Күтпеген кездесудегі» басты рольді Г.Еспай сомдап, ардагер актрисаның бенефисі ретінде көрерменімен қауышты.
Театр сахнасында ұмытыла бастаған жанр – поэтикалық қойылымды жаңғырту мақсатында өнер ұжымы М.Шахановтың «Танакөз» поэмасына Қ.Қасымов жасаған инсценировканы қолға алды.
Поэманың өзегін хас сұлудың бұрымындай тарқата білген қоюшы-режиссер, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қ.Қасымов пен терең ойды танымды шешкен сахна суретшісі, сценографы, ҚР мәдениет қайраткері Қ.Жұмақұловтың шығармашылық бірлестігімен жаңаша форма – көрермен мен актердің сахна төрінде кездесу форматында қойылып, өзгеше әсерге бөледі.
Театр, өскелең ұрпақтың өрелі тәрбиесіне жауаппен қарайтын өнеге ошағы. «Еккенің – тікен болса, оратының – балауса болмас» дегенді текке айтпаған. Ертеңгі күнімізді парасаты пайымды ұрпақ жалғастырсын десек, балапанша баптауды әлден қолға алуды театр ұжымы ешқашан естен шығарған емес.
Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп белгілеуінің аясында театрымыздың қолдауымен өндірістік іс-тәжірибеден өтіп жатқан М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетінің студенттерінен құралған жастар труппасының тұсауы кесілді. Аталған «TEATR-17» жастар труппасы Эрик-Эмманюэль Шмиттің «Құдайға хат» трагедиясының премьерасын өткізді. Сахналық нұсқасын жасап, қойған режиссері – театрдың қызметкері, талантты жас — Алмас Шымалиев.
Шығармашылық ұжымның жемісті жетістігі айтарлықтай болғаны көңілге демеу. Атырау қаласында өткен Р.Отарбаевтың ІІІ- Республикалық театрлар фестиваліне театр ұжымы Р.Отарбаевтың «БАС» драмасымен қатысып, жүлделі ІІІ орын иегері атанды.
Қойылым режиссері Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қ.Қасымов — «Р.Отарбаев атындағы арнайы жүлде» номинациясын, театрымыздың абыз актері М.Ілиасқар — «Көрермен көзайымы» номинацияларын иеленді.
Қазақстан Театр Ассоцациясының ұйымдастыруымен өткен «Сахнагер — 2019» ұлттық театр сыйлығын марапаттауында театр артисі Нүркен Орынбек «Үміт» номинациясын иеленді.
Іргелес жатқан туыс Өзбекстан мемлекеті тарапынан ұйымдастырылған — «Өзбекстандағы Қазақстан жылы» аясында екі елдің өнері мен мәдениетін насихаттау мақсатында театр ұжымы Ташкент облысындағы гастрольдік сапарында М.Байджиевтің «Тіл табысқандар» комедиясын және театр артистері дайындаған концерттік бағдарламасымен өзбек көрермендермен қауышып қайтты.
Өнердің өзіндік киесі бары ақиқат. Карантин жарияланардан бір күн бұрын С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» драмасының премьерасын жасап үлгердік. Қоюшы режиссері – Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қ.Қасымов пен қоюшы суретшісі Қ.Жұмақұловтың сахналық минимализмге құрған шығармашлық бірлестігі ұтымды шешімімен көрерменін тағы да тәнті етті. Өткен күндерде балалығы қалған жас өрен кейіпкерлермен бірге толқып, тарығып, қуанта білген қойылым, театр репертуарына сүбелі дүние боп енді.
Үстіміздегі жыл Абайдың 175 жылдығы боп бекітілгені белгілі. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры Абайдың өлеңдер топтамасына жасаған Қ.Қасымовтың «Желсіз түнде жарық ай» инсценировкасымен өзінің кезекті 86-шы театр маусымын ерекше жағдайда жапты. «Ерекше жағдайда» деп отырған себебім – көктеммен ере келген әлемдік дүрбелеңнен театр сахнасы да тыс қалмады. Сұлу-сазды жыр сандығы айқара ашылатын жыл, шектеулі кезеңге тап болып, бауырын жаза алмай қалды. Әлбетте, жоспарлы дүниелеріміздің жүзеге асуы беймәлім болғанымен, тосыннан енген «қашықтан өнер көрсету» жолын шығармашылық ұжым аз уақытта ерттеп мініп үлгерді. Айғағы — 86-шы театр маусымын онлайн жүйесі арқылы өткізіп, кезекті маусым шымылдығын жапқаны.
«Аққу-қазы болмаса – көл жетім» демекші, көрерменсіз – театр тұл. Алда – 87 маусым өз кезегін күтіп тұр. Тосын қиындыққа мойымаған өнер ұжымы жаңа маусымда – жаңа белестерді бағындырып, өз көрерменімен сахна төрінде кездесетініне кәміл сенімді. Жаңа қойылымға қашықтан дайындық басталып кетті.
Сая Қасымбек,
Театрдың әдебиет бөлім
меңгерушісі — драматург
Ақпарат көзі Шымкент келбеті газеті