ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ

Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясында басқосу өтті. Жиынға Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасының бастығы Жанар Бектаева, Ассамблея жетекшілері, үшінші мегаполистегі этно-мәдени бірлістіктердің мүшелері, қоғам белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.Жиында жуырда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен ҚХА кеңесінде көтерілген мәселелер жалғасын тапты.

– Бұл жиынымыз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына арналады. Мерейтойлық меже өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмысты қорытындылауға себеп болып отыр. Ассамблеяның қандай қиын уақытта құрылғанын бәріміз білеміз. Бұрынғы КСРО-ның ыдырауы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының қалыптасуы, тарихи шиеленісті, ертеңгі өмірге деген сенімсіздік заманында құрылды. Бірақ, біз дәл сол кезде өзіміз үшін бір нәрсені қабылдадық. Ұлтаралық татулық біздің басты байлығымыз болуы керек», — деген еді кеңес отырысын ашқан Елбасы.

Кеңесте Елбасы қазақ тілі мәселесіне жеке тоқталған еді.

Қазақ тілінің ел дамуындағы орны жайлы бүгінгі басқосуда да сөз болды. Басқарма басшысы Жанар Әлібекқызы қалалық Ассамблея шеңберінде мемлекеттік тілді дамыту бойынша кешенді іс-шаралар атқаруды ұсынды. Үшінші мегаполистегі этно-мәдени ұйымдары аясында, әсіресе, шалғай елдімекендерде Ассамблея жұмысын дамытудың маңызы сөз болды.

Басқарма басшысы этно-мәдени бірлестіктер тарапынан қазақ тілін жетік меңгергісі келетін тұрғындар тізімі ұсынылса, оқытуға жағдай жасалатынына тоқталды. Ал этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері Шымкенттегі түрлі этнос өкілдері қазақ тілін меңгергенін атап өтті.Басқосу соңы басқа да тақырыптар бойынша еркін пікір алмасуға ұласты.