Қазіргі жастарды адастыратын діни мәселелер

«Ағашты шыбық кезінде түзуле» дейді дана халқымыз. Албырттықпен қайда исең сонда қарай иіле кететін жастардың рухани бағдары бүгінде өзекті. Өйткені, жат ағыммен жарға жығылып, қоғамның санасын улап, тығырыққа тіреліп жатқандардың көпшілігі жас буын өкілдері. 

Осы тұрғыда жастарды діни адасушылыққа түсіретін жақтары:  

Бірінші. Өзін бағып-қағып өсірген ата-анасын кәпір деп санауы. Ақиқатында Алла адам атаулыны әу бастан мұсылман қылып жаратқан. Құранда Алла былай деді:«Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп: «Мен сендердің Раббыларың емеспін бе?» — дегенде олар: «Әрине, куәміз»,— деген. Қиямет күні бұдан хабарымыз жоқ демеңдер».

Жүрегінде Аллаға деген сенімі бар болып, «мен мұсылманмын» деп тілімен де айтып тұрған адамға қалайша кәпір деуге болады? Жүрегінде иманы бар адам мұсылман болып есептеледі. Ал оның жасайтын амалы, яғни намаз оқып, ораза ұстауы ол келесі кезектегі мәселе. Амал мен иман екі бөлек ғибадат болғандықтан иманы бар бірақ амалы жоқ адамды кәпір деуге болмайды. Жастардың қателігі – діни сауатсыздықтың салдарынан осы заңдылықтарды білместен өз ата-анасын кәпірге шығарып, онымен байланысты үзіп, дөрекі сөйлеуі, сыйламауы.

Ата-ананы қадірлеу турасында Алла Тағаланың жіберген шариғатынан мына бір аятты айтқанның өзі жеткілікті.  «Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле…», – делінген.

Біле білсек, жақын-жуық, ағайын-туысқандармен жақсы қарым-қатынас пен көркем мәміледе болып, өзара байланысты нығайту – бізді Жаратушы Раббымызға жақындататын ең ұлы ғибадаттың бірі.

Екінші. Ғаламтор арқылы діни сауатын ашуы. Бүгінгі ақпарат соғысы жайлаған уақытта ғаламтордағы мәліметтердің дұрыс я бұрыс екенін білу қиынның қиыны болды. Жастар өмір жолын үйретін діни мағұлматтарды арнайы ұстаздардан емес екінің бірі жаза беретін интернеттен алады. Бұл – үлкен қателік. Манитор ұстаз болмайды! Дәстүрлі дінімізге жат материалды бойына сіңдірген жастар ата дінімізден алшақтап, дәстүрді де жат көріп, қоғамда бөлінушілік пен алауыздық осыдан пайда болды. Шындығында, Ислам діні – адамзат баласын қараңғылықтан жарыққа шығарып, тура жолға бастайтын бірегей дін. 

Елімізде етек алып бара жатқан діни алауыздықтың ең басты себебі, алдымен, діни сауатсыздықта жатыр. Бір өкініштісі – адасқан баласын дұрыс жолға бастайды деген алдыңғы толқын, аға буынның діни сауат ашуына – жоғарыда айтқан діннен қорқыныш сезімі кедергі келтіруде. Діннің жолына түскен жандардың дініміздің қайнар көзінен сусындамай, сүннетке қайшы келуі ұлт санасында қалыптасқан қоғамдық көзқарасқа әсер етпей қоймасы анық. Имам Ғазали еңбегінен алынған үзіндіге зер салсақ, білім алушының жағдайына қарай оның мойнына парыз етілген істерге қатысты мәселелерді бірінші орынға қойып, әркімнің мамандығы мен кәсібіне қатысты шариғат үкімдері мен әмір-тыйымдарын үйрету керек. Хазіреті Омардың (р.а.): «Сауданың үкімін білмейтін адам базарға шықпасын», – деген сөзі осыны меңзейді.

Үшінші. Жастар арасындағы діни адасушылық – талақ. Әлемде отбасы құндылығының беделі төмендеп, ажырасулардың азаймай отырғандығы да ел болашағына балта шабуда. Жесір қалған келіншек, жетім қалған бүлдіршіндер – сіз бен біздің баламыз немесе әпке-қарындастарымыз емес пе? Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ажырасу – рұқсат етілген, бірақ Аллаға ұнамсыз іс», – деп ескерткен. Жастар үшін ажырасу оп-оңай дүниеге айналды. Үйленеді ұнамай қалса, «талақ» айтып басқасын ала салады. Ал бірінші әйелін 3 ай мерзім күтпей-ақ өз досына үйлендіре салады. Осылайша, қарындастарымыз бірнеше еркекке тұрмысқа шығып, көтерген баласының әкесі кім екенін де білмейді. Қарап тұрсақ, бұрынғы жаһилия дәуірінде әйелдер баласының әкесі кім екенін білмей таңдау жасаған надандық әрекетінің бүгінгі жат ағым жетегінде жүрген бауырларымыздың тағдырында қайталанып жатқанын анық байқаймыз. 

Бүгінгі жаһандану ғасырында, ғаламдық құндылықтарға қауіп төніп отырған сындарлы уақытта жастар тәрбиесі өзектілігін жоғалтпайтын тақырып. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастар мәселесін әрдайым назарда ұстап, олардың толыққанды діни білім алуына, мешіт имамдарымен тұрақты қарым-қатынаста болуларына мүмкіндіктер жасап, тиісінше қолдау білдіріп келеді. Жастарды діни адасушылықтан сақтайтын бірден бір жол – діни сауатты ашу болып қала бермек.

Ержан Аманбаев

Ақпарат көзі: hagjoly.kz