Ғаламтордан діни білім алу қаншалықты дұрыс?

Қазіргі таңда, жоқтың бәрін «гуглдан» іздейтін заман болды. Мәселен, біздің қандастарымыз дінге қатысты өзіне қажетті бір мәліметті іздегенде, оның қазақ екенін, Қазақстанда Абу Ханифа мазхабын ұстанатынын гугл ескеріп, оған қажеттісін сараптап, саралап, шығармайды ғой. Оның іздегеніне қатысты қандай мәлімет бар соның барлығын алдына жайып салады.

Оның ішінде міндетті түрде жат ағымдардың интернет порталдарының материалдары да ұсынылады. Өкінішке орай, осындай дүниелерді білместікпен оқып, адасып жүрген адамдар жетерлік. Олардың дені әлгіндегідей сайттардың түпкі көздеген мақсатына мән бермей, осындай күйге түскендерін өздері де білмей қалып жатады.

Сондықтан, дін мәселесінде ел тұрғындары өздерін алаңдатқан сауалдар бойынша жергілікті жерде орналасқан мешіт имамдарының, діни басқарма қызметкерлерінің көмегіне сүйенуі керек.

Сонымен қатар елімізде арнайы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Пәтуа бөлімі жұмыс істейтіндігін ескеруіміз керек.

Сондай-ақ, еліміздің әрбір аймағындағы діни басқармаларда 24 сағат бойы халыққа қызмет көрсететін сенім телефондары жұмыс істейді.

Сондықтан қандай мәселеге келгенде де арнайы мамандардың кеңесіне құлақ асуымыз керек. Адам өзінің рухани денсаулығына асқан сақтылықпен қарауға тиіс. Өйткені, ғаламтордың салдарынан үйінде отырып-ақ жихадшыға айналып кеткендер бар. Бұлардың дені әртүрлі сайтты бір қарап, әрқайсысынан әр нәрсені үйреніп, өздерінің қандай жолға бағыт алғанын білмей қалғандар. Сондықтан, дінге қатысты көкейінде қандай да бір сауалы бар адамдар тек ғана кәсіби білікті мамандардың ақыл-кеңесіне жүгінгендері жөн.